Шегірткемен КҮРЕС басталды
Тілсіз жаудай болған қара шегірткенің салар ылаңы көп. Бар еңбекті шегіртке жоққа шығармасын десек, оның алдын бүгіннен алған жөн. Облыс әкімі Н. Садуақасов басқарған шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес жүргізу мәселелері бойынша облыстық агрокеңес Әулиекөл жерінде өтті.
Шаруаларға маза бермейтін шегірткенің көзін жоятын техниканың қатары бүгінгі күні аз емес. Бұ-ған семинар алдында ұйымдастырылған арнайы көрмеде көз жеткіздік. Ұшақ, аэрозольды генераторлар да бар. Өз өнімдерін таныстыра келген компаниялардың жұмыстарымен облыс басшысы жіті танысып, барлығын аралап шықты.
Одан әрі семинар-кеңесте бас қосқандар негізгі деген мәселелерге тоқталып, зиянкеспен күресудің жолдарын қарастырды. Жиынға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы С.Хасенов және көрші Ресей елінен келген мамандар да қатысып, пікір бөлісті.
Жаз айы құрғақ әрі ыстық болса бұл жәндіктің белең алуы күрт күшейе түседі. Мұны мамандар айтып отыр. Облыс аймағында шегірткенің италияндық прус деп аталатын түрі көп кездеседі. Қара шегірткенің бұл түрі биыл да байқалуы мүмкін. Ауа-райы салқын болғандықтан, олар жер бетіне толық шыға қоймаған. Бірақ көктем туысымен оның пайда болатын жері мен таралу аумағын мамандар болжап отыр.
Мамандардың айтуынша, көш-пелі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізу бойынша 702 млн. 190 мың теңгенің қызметі көрсетіледі. Биыл шегірткеге қарсы күреске Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай облысына 817 млн. 485 мың теңге бөлді.
– Алда күннің күрт ысып кетуі мүмкін. Осындайда қауіп төнді-ретін шегіртке мәселесі де қатар шығатыны белгілі. Сондықтан ол жұмыстарды кейінге қалдырмай дер уақытында атқару жолға қойылуда. Қазіргі таңда облыста шегірткеге қарсы күрес үшін Даклоприд, Димирон, Геркулес препараттары 115 млн. 295 мың теңгеге сатып алынды. Оны “Шаруа” ЖШС химиялық өңдеу жұмысын бастағанша қоймаларда сақтайды. Шегірткемен қарсы күрес жұмыстары былтырғы жылғыдай жүзеге асады. Әсіресе Қарабалық, Федоров аудандары мұқият болғаны жөн, – дейді ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің Қостанай облысы бойынша өңірлік инспекциясының басшысы Болат Мейір-манов.
Зиянкестерге қарсы жұмыстар облыста тоғыз жыл қатарынан жүргізіліп келеді. Қазір шегірткенің нағыз дамитын кезі. Сондықтан бұл “пәленің” алдын алып, ұрықтарын жою қажет.
– Бұл мақсатта барлық жұмыстар атқарылып жатыр. Десе де, зиянкеспен жұмыла бірлесіп күресу керек. Әрбір егін егетін шаруалар жерлерін үнемі бақылауда ұстап, өздеріне тиесілі аймақты химиялық өңдеуге көңіл бөлсін. Жергілікті жерлерден жұмыс күштері ұйымдастырылып, техникалар бөлініп, олардың нақты жұмыс істеуі бақылауға алынғаны дұрыс. Шегіртке үшін шекара жоқ, – деді облыс әкімі Н. Садуақасов.
Арнайы мамандар зерттеу жүргізіп, облыс аумағын зерделеп шыққан. Аса қауіпті кеміргіштер мен ауылшаруашылығы дақылдарының зиянкестеріне қарсы жүргізілетін химиялық жұмыстың болжамды көлемі 2 182,41 мың га жер республикалық бюджет есебінен өңделеді.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА
Әулиекөл ауданы.
Суретте: Облыс әкімі Н.Садуақасов егін зиянкестерімен қарсы күрес техникасымен танысуда.
Суретті түсірген А.ЖҮЗБАЙ.