БІЛІМГЕ БЕТБҰРЫС
Еліміздегі білім грантының көлемі биыл 70 мыңға жеткізілді. Үкімет қаулысына сәйкес, отандық жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болған осынша жасқа ай сайын шәкіртақы төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Стипендия жайдан-жай беріле салмайды. Үкіметтің қолдауына ие болғыңыз келсе – оқу үлгеріміңіз жақсы болуы керек. Ең басты талап осы. Елбасымыздың бастамасымен жарияланған жастар жылында Үкімет пен ЖОО тарапынан студенттерге жасалар жақсылық мұнымен шектелмейді. Оқу жеңілдіктері мен шәкіртақыға белсенді, ғылым мен спортта жетістікке жеткен жастар да үміт арта алады.
Шәкіртақы түрлері
Қазақстанда жоғары оқу орындарының студенттерімен қоса кәсіптік техникалық мекемелер мен колледждердің студенттері де шәкіртақы алу мүмкіндігіне ие. Мемлекеттік стипендиялар орташа, жоғары және (тек жоғары оқу орындарының студенттері үшін қарастырылған) президенттік болып үшке бөлінеді.
Жастарды шәкіртақымен екінші деңгейлі банктердің көмегімен қамтамасыз ету қарастырылған. Ол үшін студенттерге қаржы институттарынан банктік шот ашса болғаны. Оқудың алғашқы айында мемлекеттік көмекті білім ошағының кассаларынан да алуға болады.
Білім грантына ие болған студенттер бірінші семестрдің соңына дейін төменгі шекті шәкіртақы алады. Алғашқы емтихандық сессияның қорытындысы бойынша студент "өте жақсы" және "жақсы" нәтиже көрсеткен жағдайда, көмектің көлемі де ұлғайып, қомақыланып отырады. Айта кетерлігі, үздік жастарға алдыңғы семестрдегі сомадан 15% артық жоғары шәкіртақы төлеу жағы да қарастырылған. Оқу үлгерімі жақсы студенттерге жазғы демалыс кезінде, яғни шілде және тамыз айларында да стипендия төленеді.
Жоғары мемлекеттік стипендияға емтихан сессиясын тек "өте жақсы"деп тапсырған студенттер мен магистранттар ғана үміт арта алады. Үздіктерге 15% үстеме қосылып төленеді. Мемлекеттік стипендия жоғары оқу орындарының және колледждердің студенттеріне де бұйырады. Бұдан басқа жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен мүгедектер үшін үстемеақы қарастырылған.
Президенттік шәкіртақы
Оған тек жоғары оқу орындарының студенттері ғана иек артпақ. Көп жағдайда ол белгілі бір еңбегі бар адамдарға беріледі. Президенттік стипендияның студенттер мен магистранттарды ғылыми-зерттеу қызметімен айналысуға ынталандыру, дарынды және талантты оқушыларды қолдау, сондай-ақ интеллектуалдық әлеуетті құруға жәрдемдесу мақсатында берілетінін айта кеткен жөн.
Тағы бір айта кетерлігі, күндізгі бөлімдегі оқушылар саны 700-ден аспайтын оқу ордаларының шәкірттеріне президенттік шәкіртақы мүлдем берілмейді. (Білім ошағын таңдау барысында, мектеп түлектеріне бұған да назар аударғаны абзал). Ал адам саны толық оқу ордаларының жаңа қабылданғандарынан бөлек, 3 курс студенттері және үлгерімі бюджеттік және коммерциялық курстар арасында "өте жақсы" деп бағаланған екінші оқу жылының магистранттары қалталарын қампайта алады.
Республикалық және халықаралық олимпиадалардың, шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстар мен фестивальдардың жеңімпаздары болған студенттер мен магистранттар әлеуетті стипендианттар қатарында. Сонымен қатар, түрлі салада жаңалық ашып, ғылыми жетістіктерге жеткен, еңбектері республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланған студенттер стипендияға үміткерлер санатында. Стипендия ғылыми кеңестің қорытындысы негізінде ЖОО ректорының бұйрығымен тағайындалып, ай сайын төленеді. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, сондай-ақ мүгедек балалардың стипендия бөлуде ерекше назарға алынатынын айта кеткен жөн.
Басымды бағыттар
Білім және ғылым министрлігінің ережесіне сәйкес, қазақстандық жоғары оқу орындары биыл өзара 1080 студенттік және 8 магистрлік стипендияны бөліске салмақ. БҒМ желісі бойынша 922 студенттік және жеті магистрлік стипендия бөледі, Ауыл шаруашылығы министрлігі 56 студенттік және бір магистрлік стипендия, Мәдениет және спорт министрлігіне – 12 грант, Денсаулық сақтау министрлігіне – 81, Қаржы министрлігіне – бір, ал Назарбаев университетіне – 8 стипендия қарастырылған. Жалпы алғанда, бакалавриатқа – 53 785 грант, магистратураға – 13 159 грант, PhD докторантураға – 2 312 орын бөлінген.
Осылайша, мемлекет деңгейінде қабылданған Жастар жылы аясында мемлекеттік білім гранты саны артты. Мұның сыртында жергілікті биліктің бастамасымен аудан, қала және облыс әкімдерінің, ректор гранттары да тағайындалуда. Осы мақсатта, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және аудан, қала әкімдері жергілікті жоғары оқу орындарымен арнайы меморандум қабылдап, жастардың тегін білім алуына барынша жағдай жасауда. Тек, Қостанай мемлекеттік университетінде осы жолмен 60 студенттің тегін білім алып жатқанын айта кеткен жөн.
Отандық білім озықтар санатында!
Биылғы оқу жылының қорытындысына сай қазақстандық жоғары оқу орындары Еуропа мен Орта Азияның алдыңғы қатарлы әлемдік университеттерінің қатарына енді. "Quacquarelli Symonds" британдық агенттігінің рейтингісіне іліккен ЖОО дені ресейлік, одан кейінгі орында – Түркия және үшінші сатыға Қазақстан оқу орындары енгізіліпті.
Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті "QS EECA University Rankings" рейтингісінде 19-шы орынға ие болды. 40-шы орында – Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 70-ші орында – Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық ғылыми-техникалық университеті тұрақтапты.
Қазақстандық көрсеткіштің жақсаруы – "ақылдылар ағынына" сәл де болса тосқауыл болары анық. Олай дейтініміз, әлемнің дамыған елдері ғылым жолындағы талантты жастарды өз елдерінен ғана емес, жұмыр жер бетінен іздейді. Өз елдеріне ақылды адамдарды көптеп тарту үшін, барын салады. Мәселен, АҚШ, Германия, Корея, Израиль елдері, былтырғы жылдың өзінде ғана, жылдық жалпы ішкі өнімнің 7,5 % ғылыми-техникалық саланы дамыту, адам капиталын ақылдылармен толықтыру мақсатына жұмсаған. Ұлыбритания, Канада, Финляндия елдері ЖІӨ 6,5 % салыпты.
Еліміздегі «Ақылдылар ағынын» тоқтату үшін, біздің елімізге де осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Озық технологияны дамыту, адам капиталын жақсарту бағытына жұмсалар қаржы көлемін тым құрығанда, Ресей Федерациясының деңгейіне жеткізу керек. Сонда ғана, көрші елдердің тегін білімін ешбір жас керек қылмас еді. Бүгінгі қадам – осының басы.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ