“Қара жұма” қайдан шықты?

Облыстық Дін істері жөніндегі басқарма басшылары мұсылмандардың "қара жұманы" алып тастау туралы өтінішіне жауап берді. Басқарма өкілдері жергілікті кәсіпкерлерге сатылымға балама атауды таңдауға кеңес беруге ниетті. Естеріңізге салсақ, жақында  қостанайлық медиа-ресурстардың бірі облыс мұсылмандарының биліктен "қара жұманы" жоюды сұраған ашық хатын жариялаған еді. "Қара жұма" сатылымның атауы  болғанмен,  Ислам дініндегілердің сеніміне селкеу түсіреді.  Өйткені, жұма мұсылмандар үшін қасиетті күн.  Облыс әкімдігі хатқа жауап беріп қана қоймай, тиісті  шаралар қабылданатынын айтты.
– "Қара жұма" деп аталатын жаппай сатылымның шығу тарихы АҚШ-тан келді. Акция атауы тұрмыстық техника, киім, косметика тауарларын сауда орталықтары, онлайн-дүкендер, бөлшек сауда өкілдерінен 90% – ке дейін жеңілдікпен сатуды білдіреді. Бұл акция қарашаның соңғы жұмасында өтеді.  Содан соң іле рождестволық сатылымдар басталады. Елімізде  акцияны бірінші интернет-компаниялар іліп әкетті. Сонымен, 2022 жылы "Қара жұма" өмірге жолдама алды.  Blackfriday-kazakhstan.kz ресми сайты ресейлік және еуропалық және азиялық нарықтарда жұмыс істейтін Alieexpress, Decathion, YVES ROCHER, Lacoste, Guess сияқты жүзден астам интернет-дүкендерді біріктіреді. Оларға жергілікті атқарушы органдар тыйым сала алмайды, – делінген басқармасының  берген жауабында.
Жақында осы мәселеге қатысты алқалы кеңес өткізілді. Оған дін істері, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, мәдениет және тілдерді дамыту, сондай-ақ "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
-Кеңес барысында  облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы аудандар мен қалалар әкімдіктерінің атына "қара жұма" акцияларына Kaspi.kz-тегі  "Kaspi Жұма" тәрізді балама атауларды қолдануды  ұсынып, жергілікті сауда желілерінің басшыларымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы хат жолдады.  "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы ірі сауда орындарының басшыларына мұсылмандар үшін қасиетті жұма күнін қорлауға жол бермеу үшін  "Қара жұма" сатылым күніне балама атауларды қолдану туралы ұсыныс жасады, – дейді облыстық  дін істері басқармасының өкілдері.
ҚМДБ-ның облыстық филиалына бұл мәселені діни басқарма деңгейінде қарауға бастамашы болу ұсынылды. Алайда, бастамашыл топ "Қара жұма" тіркесін қолдануға мүлде  тыйым салу қажеттігін алға тартады.
– Дін істері басқармасының жауабынан қайтадан үміт оты жылт етті. Облыс әкімдігі өз мүмкіндігінше, бұған оң қарап отыр. Бірақ, біздің мәселемізді жоғарыда шешуді сұраймыз. 2023 жылы біз барлық сауда кәсіпорнында, интернет-дүкендерде "Қара жұма" деп аталатын сатылымға  тыйым салуды талап етеміз. Қалайда, қасиетті күнді сату бренді ретінде пайдалануға үзілді-кесілді қарсымыз,- дейді топ белсендісі Сәкен Байгелдин.
Енді облыс мұсылмандары мәселені бір жақты ету үшін  ел Президентіне және Парламент Мәжілісіне жүгінуге ниетті.
-Біз барлық облыс орталығы бірігіп, осы шаруаны бірге тындыруды  ұсынамыз, – дейді бастамашылар. – Біздің барлық үндеуіміз мазмұны жағынан біртұтас болуы керек және қазақ халқының да, барлық мұсылмандардың да ерік-жігерін білдіруі тиіс. Біз Қостанайда тұратын  қарапайым мұсылмандар еліміздің амандығы  мен гүлденуін тілейміз. Сондықтан біз бұл мәселені өз қолымызға алуға шешім қабылдадық.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓