“Мен өмірді таңдаймын!”
Осындай атаумен облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен “Қостанайдың жас көшбасшылары” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен кең көлемді акция өткізілді. 26 маусым – халықаралық нашақорлықпен күрес күні қарсаңында өткізілген бұл шараға аула клубтарынан үш жүзге жуық бала қатысты.



-Нашақорлық – әлеуметке ортақ проблема. Жер бетіне миллиондаған өмірлерді алып кетіп жатқан бұл ауру әлемдік трагедия, өз ауқымы жағынан дүниежүзілік соғыстармен тең десе де болады. Халықаралық нашақорлықпен күрес күні қарсаңында өткізіліп жатқан мұндай шаралардың маңызы өте зор. Себебі, бүгінгі өсіп келе жатқан ұрпақ ғасыр індетінің зияны туралы біліп өсуі керек, оларды біз үлкендер жаман әдеттерден қорғап, алдын алуымыз керек. Оқушылардың жазғы демалыстарында біз осындай шараларды көптеп өткізуге тырысамыз. Келесі аптада Бакиров атындағы сауықтыру лагеріне баруды да жоспарлап отырмыз, – дейді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Айгүл Ераділова.