Жастардың ісімен жастар айналыспақ
Рудныйдағы жастардың ресурстық орталығы әкімдік жанындағы коммуналдық мемлекеттік мекемеге айналды. Бұл туралы қалалық Жастар ісі жөніндегі Кеңесте мәлім болды. Жаңа мекемеге қажетті қаржы мен штат та бекітіліп қойылған. Ал оның директоры міндетін атқаруға кеншілер қаласына танымал қоғам белсендісі Максим Фролов бекітілді. Ол он жылдай уақыт қаладағы «Неономад», одан әрі жастар ресурстық орталығы болып өзгертілген қоғамдық ұйымды басқарып, белсенді жастардың басын игілікті істерге жұмылдырып келді. Атап айтсақ, «Жастар слеті», «Жас әскер», «Қаһарман жүрек», «Спорттық десант», «Мың бір түп ағаш» тағы да сол сияқты көптеген қоғамдық, мәдени, экологиялық және спорттық іс-шаралар мен акциялардың өтуіне ұйытқы болды. Бүгінде мекеме Космонавттар даңғылы №12 үйдің 405 кабинетінде орналасты.
Максим Фроловтың айтуынша, әкімдіктің қарамағына өткенімен орталықтың негізгі қызметінде айтарлықтай өзгеріс болмайды.
-Бұл, ең алдымен, біздің бірлестікке артылған үлкен сенім деп ойлаймын. Себебі біз жылдар бойы әкімдіктің жастар саясаты жөніндегі мемлекеттік тапсырысын табысты орындап келдік. Болашақта да өз міндетімізге аса жауапкершілікпен қарап, қаладағы жастардың озат ойлы, дені сау, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына өз үлесімізді қосатын боламыз, – дейді ол.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ