Жарқын істердің жаршысы

                                       Без названияДүниежүзі мойындаған Ұлы тұлға!
Әлем тарихында тұтас бір ұлттың рухын көтеріп, елінің мәртебесмін асырған заңғар  тұлғалар аз емес. Дүние тарихын терең бойламай-ақ,  жиырмасыншы ғасырдың маңайын шиырлайтын болсақ,  есімдеріне төрткіл дүние мәшһүр, аш құр­сақ халқын тойындырған, бақуатты еткен, ұлыстығын жоғалтудың аз алдында тұрған ұлтын ұйытып, әлем санасатын қабырғалы мемлекет еткен  Қытайдың ұлы реформаторы Дэн Сяопин, сингапурлық Ли Куан Ю, үнділік Махатма Ганди, түрік Мұстафа Кемал Ата­түрік, француз Шарль де Голль тәрізді әлем саясатында өзіндік өрнек салған сұңғыла  тұлғалар жеткілікті. Бұлардың қай-қайсы да өз ұлтының көшбасшысы, мемлекетінің негізін қалау­шы  һәм жеке ұлттың емес, әлем тарихында аты қалған қайталанбас қайраткерлер. Осы алыптардың ортасынан ойып тұрып орын алатын, бір қатарда тұруға лайық бір адам болса, ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев. 
         Нұрекең  ел Тәуелсіздігін алған отыз жыл ішінде  жер-жаһанда қазақ деген жұрт ба­рын танытқан саясаткер.  Сондықтан,  халық оны «Ұлт көшбасшысы» деуге лайықты тұлға ретінде таныды. Н.Ә. Назарбаев – өз халқы­ның алдында ғана емес, әлемдік қауымдас­тықтың алдында да мойындалған тұлға. Ол ел басқарған отыз жылдав Қазақстан әлемнің өркениетті ел­де­рі­нің қатарына қосылды.
          Елбасы «алдымен экономика, сосын саясат» ұстанымын жүр­гізгені мәлім. Елді дамытуға арналған осындай реформалар тосын келген түрлі дағдарыстарға тойтарыс берді. Рас, тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдары көршілес жатқан мемлекеттердің бәрінің жағдайы бірдей еді. Бірақ Қазақстан алыс-жақын шетелдермен тығыз байланыс орната білді. Сырттан инвесторлар тарту арқылы халықтың әл-ауқатын түзеуге ден қойды.
       Кезінде Сингапур басшысы Ли Куан Ю-ді үлгі тұтқан Маргарет Тетчэр «Назарбаев – әлемдегі ең ірі және ықпалды бес саясаткердің бірі» деп бекер айтпаса керек. Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен ­ТМД-ның кеңістік аясында құрыл­ған Еуразиялық экономикалық қауым­дас­тық, Кедендік одақ, Ұжымдық Қауіпсіздік шарты келісімі, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және се­нім шаралары жөніндегі кеңес және Еур­азиялық экономикалық одақ секілді ірі құ­рылымдардың маңызы күн сайын артып келеді. Бұл аталмыш ұйымдардың бәрі де тек елдің игілігіне қызмет етіп жатқаны бел­гілі. Қазақстанның Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ислам кон­ференциясы ұйымына төрағалық етуі де Елбасының әлемдік қауымдастық алдын­дағы беделінің арқасы. Басы бірікпей, дүрдараз болып жүрген әлемдегі түрлі дін өкілдерін бір үстелдің басына отырғызып, диалог жүргізді. Ынтымаққа ша­қырды. Осылардың өзі-ақ Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігі.
        Демек, Нұрсұлтан Назарбаев – шетел­дік ірі саясаткерлер, аузы дуалы сарапшы­лар мойындаған әлемдік деңгейдегі бірегей тұлға, сұңғыла реформатор екендігінде дау жоқ.
 
Сайран Бұқанов,
Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық мәслихаттың депутаты
 
 
Без названия (3)Дамудың даңғыл жолына бастаған
Тәуелсіз еліміздің тарихындағы ірі тұлға, саяси қайраткер, кемеңгер көшбасшы, Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ халқына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан үшін нағыз сындарлы кезеңде ел басқару ісін қолға алды. Мен ол кісіні Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елбасқару ісіне араласқан кезінен етене таныс жандардың бірімін. 1990 жылы сәуір айында Қазақ Компариясының 17-съезінің делегаты ретінде Н.Әбішұлын Компартияның ОК-не төрағалыққа сайлағандардың қатарында болдым. Сол жылдың желтоқсан айында делегат қайта шақырылып, партия құлаған соң, Президенттікке сайлануына үн қостық. Сол кезден бері ол кісінің әр ілкімді ісі, кемелдікке басқан қадамы көз алдымызда. Ұлт Көшбасшысының бүкіл еңбегін ерекше бағалаймын. Аллаға шүкір, елдің іргесі бекіді, елде тыныштық пен бірлік сақталды. Қазақ ежелден хандарын сыйлаған халық, патшамызды құрмет тұтып, сенім мен сыйластық білдіру – әр азаматтың міндеті. 
Шынында да, Н.Ә. Назарбаев асқан көрегендігінің, даналығының арқасында кең байтақ қазақ даласында жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Тегеурінді мемлекет құрып, экономиканы еңселендіріп, қоғам дамуына үлкен үлес қосты. Ол ел басқарған 30 жылдың ішінде мемлекетіміз әлемді таңқалдырған жетістіктерге қол жеткізді. Дамудың «қазақстандық жолы» және «Назарбаев моделі» қалыптасты. Елде саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалар табысты жүзеге асып, аз уақыттың ішінде әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Бұл, әрине, Тұңғыш Президенттің батыл қадамдары мен тарихи тағдыршешті бастамаларының арқасы. Нұрсұлтан Әбішұлын "жаңа мемлекеттің негізін салушы" деп тануға ешқандай шүбә жоқ. Ұлт мұратын шыңға шығарған тұлғаны қазақтың маңдайына біткен ерен тұлға деп есептеймін. Сондықтан қазақстандықтардың әлем алдындағы абыройы, мәртебесі оның есімімен тығыз байланысты. Талай тағдырдың тезінен өткен елімізге қамқор басшы бола білді. Бұл оның есімінің тарихымызға алтын әріппен жазылатынын айғақтайды. Н.Назарбаев Қостанайға әр жылдары келген сапарларында үнемі мінберден сөз алып, шынайы лебізімді білдіріп, ұлт алдындағы ұлы еңбегіне сәттілік тілеп сөз сөйледім. Бүгінгідей кемелдікке жетуіміз – халықтың ортақ тілегінің қабыл болғаны деп те есептер едім.
Тоқ етерін айтқанда, мемлекетіміздің дамудың даңғыл жолына түсуіне себепші болған Елбасымыздың еселі еңбегі еш уақытта ұмытылмайды. Оның салған сара жолы келешекте де республиканың жаңа биіктерге, жаңа белестерге жеткізетіні сөзсіз.  Елбасымыз әрқашанда тәуелсіз Қазақстан тарихында жарқын істердің жаршысы болып қала бермек!
 
Ибраш Естаев,
Қазақстанның құрметті азаматы
 
IMG_6220Ел тірегі – Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуындағы рөлі ерекше, осы жылдар аралығындағы қол жеткізген жетістіктер қазақстандық мемлекеттілікті құрушының атымен тығыз байланысты. Тәуелсіз мемлекеттер достастығында бірінші болып жекеменшік, еркін бәсеке және ашықтық қағидасына негізделген нарық экономикасының заманауи моделін құрды.  Қазақстан халықаралық аренада танылып, зманауи әлемдік саясаттың белсенді қатысушысы болды.
Ел егемендігінің нығаюындағы, сыртқы және ішкі саясатының стратегиялық басымдықтары мен жаһандық және өңірлік бастамалардыіске асырудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың көп қырлы қызметі бүкіл халықаралық қауымдастықтың құрметін туғызды.
Елбасының мемлекет басына келуі Қазақстанды тәуелсіздікке жеткізді. Мемлекетке, елге құт әкелді. Тәуелсіздікке, егемендікке жету жолы сонша қиын, ауыр болғанда, сол тәуелсіздікті сақтап қалу, нығайту Қазақстан елі үшін, Елбасы үшін үлкен сын болды. Қазақстанның тәуелсіздігін ақиқатқа айналдыру Ел мен Елбасының алдындағы басты мақсаты еді. Осы орайда Президентіміз экономикадағы дағдарыстан құтылуға, адамдардың ертеңгі күніне деген сенімін күшейтуге ерекше назар аударды. Дағдарыс кезеңінде біздің мемлекетіміздің тынысын ашқан бір жәйт – Елбасының халқын өз бетінше еңбектенуге бейімдей алғаны. Жас мемлекетті қауіптен аман алып шыққан күш халықтың өз күші және Елбасының көрегендігі еді. Елбасы қазақстандықтардың ғана емес, бүкіл әлемнің мақтанышы дер едім. Президент – өз халқының бола­шағына алаңдай отырып, тәуелсіздік алғалы бері қыруар жаңа жобаларды дүниеге әкелген, соның орын­далуын мақсат еткен және нәтижеге қол жеткізе білген, халқына сенім ұялата алған дара тұлға.
Иә, бүгінгі Қазақстан – гүлденген, заманауи мемлекет. Бұның бәрі еліміздің шынайы тірегі бола білген Көшбасшының арқасы. Әрине, Президентіміз елдің тірегі, халқымыз Елбасының тіреуі болғанда алып мемлекеттің құлдырамасы анық жағдай.
  
Қалқаман Жақып,
Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры,
философия ғылымдарының кандидаты

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓