Архимед Мұхамбетов: «Үнемдеуге назар аударуымыз керек»

Биыл өңіріміздегі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатына 19,2 млрд теңге жоспарланып отыр. Осы қаржыдан 9,9 млрд теңге республикалық, қалғаны облыстық бюджеттен бөлінбек. Арендалық 8 тұрғын үй салуға және көпбалалы отбасылар үшін 58 пәтерге 3,6 млрд, 19 несиелік баспана мен Қостанай ауданындағы 60 жеке тұрғын үй құрылысына 6,2 млрд, сондай-ақ инженерлік коммуникацияға 9,5 млрд қаражат қарастырылған. Естеріңізге сала кетейік, жыл басында осы тақырып облыстық әкімдікте талқыланған болатын, бұл жайында https://old.kostanaytany.kz/archives/69079 сілтемесінен оқи аласыздар.IMG_6705
Үстіміздегі жылы 330 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деген жоспарда. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 117,8 млрд. Қаңтар-мамыр айларының есебі бойынша 121,1 мың шаршы метр баспана (өткен жылғымен салыстырғанда 105,8%) пайдалануға берілді. Бұл туралы өңірлік әкімдікте өткен жиында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков мәлімдеді.
– 2012-2020 жылдар кезеңін құрайтын «Әуежай» шағын ауданында 31 көпқабатты тұрғын үй немесе 2971 пәтер пайдалануға берілді. Тағы 10 көпқабатты үйдің (828 пәтер) құрылысы жүріп жатыр. Бұл шағын ауданға 1000 орындық спорттық жаттығу кешені, тамыз айында құрылыс аяқталатын 900 орынға арналған мектеп кіреді. Және әрқайсысы 280 орындық екі балабақша, балалар алаңдары мен демалыс аймақтары бар. Шағын аудандағы коммуникация толық тартылып бітті, енді құны 315 млн теңге болатын ағын кәрізі мен 200 млн болатын газ құбырларын тарту ғана қалды, – деді Н.Қатарбеков.DSC_2629
«Юбилейный» шағын ауданындағы жоспарға кірген 47 көпқабатты үйдің 17-сі салынып бітті. Биыл 17, келер жылы 13 үй пайдалануға беріледі. 2,5 мың адамдық мұз сарайы мен 1200 орындық мектептің құрылысы басталды. «Ақылды» емхана, қонақ үй кешені, әрқайсысы 280 орыннан 3 балабақша, ойын-сауық көңіл көтеру орындары салынады деп жоспарланған.
Ал «Қонай» шағын ауданында жоспар бойынша жалпы ауданы 97 мың шаршы метр бес қабатты 30 үй (1425 пәтер) мен жалпы ауданы 210 мың шаршы метр 2092 жеке тұрғын үйдің аралас құрылысы жүргізіледі. Биыл 885 пәтерлік 18 бюджеттік нысанның құрылысы басталмақ. Олардың жетеуіне «SanСтройсервис» ЖШС жобалау құжаттарын әзірлеп, қазір байқау өткізіліп жатыр. Мұнда да әлеуметтік нысандардан әрқайсысы 280 орындық екі балабақша, мектепке дейінгі білім беретін 200 орындық бастауыш білім ордасы, әрқайсысы 900 орындық екі мектеп, бассейні бар спорттық корпус бой көтермек.DSC_2635
– Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын «Береке» шағын ауданында 313,8 мың шаршы метрлік 40 көпқабатты үй салу жоспарланған. «Болашақ» ЖШС 6 үйдің (234 пәтер) құрылысын бастап кетті. Облыс әкімінің тапсырмасымен қазіргі таңда шағын аудандағы құрылыс шығынын азайту жұмыстары жүргізілуде. Айталық, жылу қазандығы, жылу жүйелері, тұрғын үй маңын абаттандыру қатарлы жұмыстардың бір бөлік шығынын коммерциялық құрылыс компаниялары мойнына алуға келісті. Ал осы шағын ауданның инженерлік желі құрылысына қажетті 10,4 млрд – 7,8 млрд теңгеге дейін қысқарып отыр, -деді басқарма басшысы.DSC_2623
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысына қысқартуға қатысты әлі де жұмыс жүргізуді тапсырды:
– «Қонай» шағын ауданындағы бассейні бар спорттық корпус салынады дедіңіз. Спорттық кешен болсын, бірақ бассейн аз шығын емес. Осы жағын ескеріңіздер. Ал жалпы, ең алдымен жоспар уақытында орындалып, мемлекеттік сатып алу байқаулары кешіктермей жарияланып, ұтып алған компаниямен шартқа отырып, құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілу керек. Біздің солтүстік облыстарда жаз қысқа, сол себепті, инженерлік желілерді қазан айына дейін тартып бітіру керек. Әрі қарай жер қазу қиындап кетеді, –  деді А.Мұхамбетов.
 
Қ.Қиысхан

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓