Сәйгүліктің шабысы-ай!
Қасиетті Тобыл төрінде тағы бір рет арғымақтарымыз ауыздығымен алысып, Қазақ даласының шаңын көкке көтеріп, аламанда атой салды. Бүгін Заречный ауылындағы «Арғымақ» атшабарында бәйге жарысының республикалық чемпионаты өтті. Биылғы мамыр айындағы «Қазақтың қазанаты» атауымен ұйымдастырылған маусымашар салтанаты дүркіреп басталғаны естеріңізде. Байрақты бәсеке ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Балалар жылына арналғанын естеріңізге сала кетейік. Міне, бүгін де дүбірлі додаға өңіріміздің аудан-қалаларынан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Алматы Абай облыстарынан келген сәйгүліктер бәйгеге түсіп отыр.
Бүгінгі дүбірлі додамызға мұрындық болған республикалық және облыстық «Бәйге» федерациясы, облыстық ұлттық ат спорты федерациясы болса, «Olimpbet» букмекерлік кеңсесі қаржылай көмек көрсетіп отыр. Жүлде қоры 16 миллион теңге. Бұл жолғы бір ерекшелік – 5 орынға жүлде беріліп отыр.
Ат жарыстарынан бөлек, қыз қуу, теңге ілу қатырлы ұлттық сайыстарымыз бар.
10 шақырымдық бәйгеге түскен сәйгүліктер арасынан қарағандылық 19 құнанның ішінен Тайфун бұрын мәре сызығын бірінші кесті.
16 шақырымдық топ бәйгеде 20 аттың ішінен Алматы қаласының Телқоңырының маңдайы жарқырады.
Ал бәйгенің төресі – аламанға 22 қазанат қатысқан болатын. 22 шақырымдық жарыста Абай облысының Нарқызыл сәйгүлігі алдына жан салған жоқ. Ат иесі Жарқын Темірбаевқа 4 миллион теңге табысталды.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.