Инвестиция тарту ілгері
Лисаков қаласы өнеркәсіптік өнімнің физикалық көлем индексі – 101,7%. Өнеркәсіптік өндіріс саласында 2019 жылдың 9 айында 46 млрд теңгеге өнім өндірілген. Өңдеуші өнеркәсіпте ФКИ 6,1 млрд теңге сомасына өндірілген өнімнің көлемімен 108,3% құрды, бұл өткен жылға қарағанда 29%-ға артық. Шаһардың 9 айдағы даму көрсеткішін қорытындылаған Лисаков қаласының әкімі Алмат Исмағұлов өңірлік баспасөз орталығында тілшілерге осылай деді.
– Машина жасау секторында «Дон Мар» ЖШС дестелегіштердің өндірісі 24%-ға артты және 430 дестелегішті құрды, сондай-ақ оларды тасымалдауға арналған арбашаның өндірісі 16%-ға артты, – деді А.Исмағұлов.
Инвестиция тарту көлемі 21 млрд теңгені құрапты, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 31%-ға артық. Сонымен қатар өнеркәсіптік өнімді әртараптандыру мақсатында «Шаймерден» АҚ 150 мың тонна қуаттылығы бар, жылына 90 мың тоннаға дейін әктас күйдіру зауытын салу жобасын қолға алыпты. 3 млрд теңге инвестиция тартылады деп күтілген кәсіпорында 50 жұмыс орнын құру көзделген. Сондай-ақ «Бобровский Кварцит» ЖШҚ-мен бірлесіп, жылына 34 мың тонна кремний карбидін өндіруге 9 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл жоба бойынша 132 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ