Тәні саудың – жаны сау
№2 Қашар орта мектебінде "Саламатты Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында "Белсенді ұзақ өмірді жүз жылдықпен тойлайық!" ұранымен "Денсаулық фестивалі" болып өтті. Жаңа оқу жылы басталғанда ұйымдастырылатын бұл фестивальді әсіресе мектеп оқушылары асыға күтті.
Фестивальді ең алдымен оқушылар мен ұстаздар таңғы жаттығуды орындаудан бастады. Бұл шараға мектебіміздегі "Өнер" әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Гүлшара Матюсупова басшылық жасады. Содан кейін спорт жарыстары мен сайыстары басталды. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары арасында спорттық эстафеталар болды. Мысалы, жоғары сынып оқушыларының қатысуымен "Бекеттер" сайысы өтті. Онда оқушыларға спортпен біріктірілген интеллектуалдық ойындар ұйымдастырылды. Ал, бастауыш сынып оқушылары болса "Көңілді старттар" ойынына қатысты. Әр топ өзара тартысты спорттық сынға түсіп, өздерінің батылдықтарын, жігерліктерін байқатты.
Фестиваль қорытындысында барлық топтар денсаулық іс-шарасына белсене қатысқаны үшін мақтау қағаздарымен марапатталды. 7 "ә" сыныптың "Сұңқар" тобы (сынып жетекшісі Ұ.Мұхамеджанова) "Бекеттер" сайысының жеңімпазы атанды. Мектеп директоры Д.Сапанова оқушылар мен ұстаздарға сол секілді, дене тәрбиесі мұғалімдеріне өзінің ризашылығын білдіріп, саламатты өмір салтына үндеген мұндай іс-шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табатындығын айтты.
Зоя ҚОЙТБАЕВА,
Қашар кенті мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Суретте: фестивальден көрініс.