“Жас құтқарушы”
Осындай атаумен Қостанай қаласында облыстық жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары арасында сайыс ұйымдастырылды. Жарыс мамандырылған қалалық №2өрт сөндіру бөлімі мен қалалық орталық жағажайда, барлығы 4 команданың қатысуымен өтті.
Сайыс барысында оқушылар “Өрт эстафетасы“, “Визит карточкасы”, “Стенгазета”, “Алғашқы медициналық көмек көрсету”, “Авариялық-құтқару жұмыстары”, “Іздестіру-құтқару жұмыстары”, “Су айдынындағы құтқару жұмыстары” сияқты өрт-құтқару спортының жеті түрінен сынға түсті.
Сценарий бойынша жас болашақ құтқарушылар техногендік авария аумағында өрт жағдайында авариялық-құтқару жұмыстарында өздерін көрсете білді, өрт эстафетасына қатысып, отпен, сумен күресті, қол жетімділігі қиын үй-жайларда зардап шеккендерді іздеді.
Жарыс қорытындысы бойынша “Тайфун” әскери-патриоттық клубы Қостанай қ. ТЖБ командасы жеңіске жетті, ал екінші орынды Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінен келген команда иеленді, үшінші орынға Рудный қ. ТЖБ командасы лайық деп танылды.
Сайыс жеңімпаздары “Халық банкі” АҚ өкілдері ұсынған бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, жеңімпаздар Көкшетау қаласының базасында орналасқан ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтында өтетін республикалық жарысқа жолдама алды.
Облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі