ЖАЗБА АЙТЫС: Абылай мен Дания

Қостанай қаласының және халық ақыны Омар Шипиннің 140, көрнекті жазушы Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған "Құтты мекен – Қостанай" республикалық жазба айтысы жалғасып жатыр. Бүгін үшінші айналымға дейін сүрінбей жеткен ақындардың кезекті жұбы жыр додасына түскелі отыр. Олар – Абылай Мауданов пен Дания Сәтбек. Қос үздік те айтысқа Қостанай облысы атынан қатысқан болатын. Осы жолы қай өнерпаздың жұлдызы жарқырар екен? Бірге тамашалайық!Абылай-Дания
 
АБЫЛАЙ:
Сары алтын сауытындай Сақ бабаның,  
Саф өнер – сөз патшасы – жаттағаным.
Өзектен өсиет қып өлең өрсем, 
Әр сөзге сауысқаннан сақ қарадым. 
«Әдебиет – ардың ісі» – ұстанымым, 
Арымды сатпағаным Хаққа мәлім. 
Әуелі Алла қалап, халқым қолдап, 
Бәйгеден бос қайтпаған баптағаным.
Ассалаумағалейкум, ойлы оқырман:   
«Ашылсын деп тілеген бақ-таланың!».
Армысыз, Даниядай қарындасым,
Ару ең кірлетпеген аппақ арын. 
Алдымен, қалқам, саған сәлем берсем,
Жас бұлдап «сақалымды сатпағаным». 
«Хауаға өзі барған Адам ата», 
Осынау салттан мен де аттамадым.
«Қиссасүл – Әнбиядан» тәмсіл шертсем, 
Емес бұл басқа айтар сөз таппағаным:  
«Түлкінің жүгірісін қыран байқар», 
Жырымды шамаңа сай шақтағаным. 
Сарадай «сан жүйрікті сөзбен буған», 
Риза боп шабысыңа шаттанамын.
Біржанша екпіндесем кім тыяды, 
Бірақ та сөзден сойыл саптамадым.
Аулынан Тұрысбектің аңдып жүріп, 
Жеңудің іздегем жоқ сәтті амалын.
Сондықтан, «әдіс жасап, шалмады» деп, 
Ағаңа артық кінә тақпа, жаным! 
Арқалық аялаған бір гүл ғой деп, 
Арқырап, артық кетіп таптамадым. 
Тойында тағдыр бізді түйістірді-ау 
Бейімбет, Омар сынды мәрт бабаның.
Ойынға бел шешіп бір кіріскен соң, 
Ойламас гол салуды қақпаға кім?! 
Алайда, мен  жұрт сынды «жанталаспай»,
Жолы еді сыйластықтың жақтағаным.
Білесің, менімен сөз қағысқанның 
Жеңіліп көңілге мұң артпағанын. 
Таңжарық, Батырланға бағыт беріп, 
Басқаға байқатқам жоқ шалт қадамын.
Жан емен жалғыз шауып жүйрік болған, 
Мәреге бірге жетсек, мақтанамын. 
Қалам жеткен межеңе құлаш сілте,
Шамаң жеткен кезеңге шап, қарағым!
…Аға боп аялап-ақ айтысармын,
Арам оқ жұмсамаспын, ақмаралым!   
…Жолықсын  ой-тереңнен меруерт-жаһұт
Толықсын маржан-жырмен ақ парағың.
 
ДАНИЯ:
Жараса жырым елдің пайдасына, 
Бақыт та одан асқан бар ма, сірә. 
Армысың, айтыс сүйер ағайыным, 
Айналған ақындардың айнасына? 
Қызым деп құшағыңды жайсаң маған, 
Түспеспін жамандардың айласына.
Бабалар салған ізбен жүріп келем, 
Тілек қыл табанымның таймасына. 
 
Аузыма отты сөз сал, а, Құдайым, 
Жанынан жүйріктердің табылайын. 
Армысың, ақын ағам қостанайлық,
Елім деп шеге тұғын сары уайым? 
Елі сүйген ақынның бірі сенсің, 
Жалған сөйлеп несіне жағынайын. 
Өзіңменен тілдесу бақыт маған, 
Оңынан туғандай ма тағы да айым. 
Абыройың әрқашан биіктесін, 
Қол бастаған кешегі Абылайдай,
Сөз бастаған бүгінгі Абылайым.
 
Сенімді ақтау айналған міндетіме, 
Демеймін "қарындасқа жүлде тіле". 
Сыйласып өзіңменен мен де өтермін, 
Шалдықпай алауыздық індетіне. 
Қатыгездік танытпас қарындасқа 
Бас идім қызға деген құрметіңе. 
Ұлық болсаң, кішік бол дейді қазақ, 
Жарайды әрбір ісің үлгі етуге. 
Сол үшін атағыңнан айырмас ел,
Көлеңке түспейді ғой күн бетіне. 
Қыз баланы аялау ауыр болмас, 
Фатимасын басқадан биік қойған,
Пайғамбардың ақ адал үмбетіне.
 
Алыстығым жоқ еді өнерге де,
Көзді салып көрермін тереңге де. 
Бір қазақтың баласы біздер едік, 
Сондықтан жасақанайын сенен неге?
"Жырымды шамаңа сай шақтадым" деп, 
Сырыңды сыйғызыпсың өлеңге де. 
Ағажан, ашып оны айтпасаң да, 
Түсінуге жетпесін өрем неге? 
Қырандай қалықтай бер аспаныңда, 
Биігіңнен мен үшін төмендеме.
 
АБЫЛАЙ: 
Дания, «жарқын құшақ жайған айым, 
Әрқашан ниетіңе сай болайын». 
Ән сөзін қайталасам – әсерім бұл, 
Көрсеткен көңіл сырын айнадайын.
Өсірген өнегелі ару қылып, 
Анаңнан сені туған айналайын. 
Өзіңдей ақ пейілді тілекшім бар, 
Мен неге жүрегіме қайғы алайын?!
Байқалды бойыңдағы бекзаттығың, 
Жұматай жырға қосқан Ләйләдайын,
Жан-жарын әспеттеген Зайдадайын.
 
Бой балқып лебізіңнен, күйіп денем,
Жеткендей бейне бұлтқа тиіп төбем. 
Дән толы масақ сынды Данияжан, 
Сыйладың, әз басыңды иіп төмен. 
Қазақтың арулары қай кезде де 
Инабат, ізетімен биіктеген. 
Шұғасы бүгінгінің сендей болсын,  
Би-ағаң қаламымен кейіптеген! 
 
Дания, өрге жүзіп дарын-кемең, 
Өмірде ашсын, ботам, бағыңды өлең.
Білесің, Батырланмен айтысқанда, 
«Раушандар» жайлы біраз мәлімдеп ем.
«Гендерлік саясат» деп жалаулатып, 
Қыздарды қызметке бәрі үндеген.
Егер әйел айрылса әдебінен, 
Мен бұдан ұлттың шемен зарын көрем. 
 «Ат басын» отбасынан артық санап, 
Өмірдің іздейді олар мәнін неден?
Соларға үлгі болсын осы айтысың, 
Үн қатқан ұлттық иба, тәлімменен.
…Кәмшаттай аяулы ана сағындырды,  
Ері мен елін бірдей қадірлеген. 
Бар әлем бас исе де дандайсымай,  
Атақты қабылдаған сабырменен.  
 
Бағалар халық дәмін татып алып, 
Кел, қалқам, жыр-қымызын сапыралық.
Жұлдызы кеудесінде жарқыраған,
Кәмшат апам жан еді батыр анық!
Князов, Сайран менен Алмат ағам, 
Ізін басты тарихта аты қалып! 
Бұл ағалар дәуірдің қаһарманы, 
Жұлдызды еңбегімен жатыр алып. 
…«Атақ», «жұлдыз» дегенде еске түсті-ау,
Зер салып, мына жайды бақылалық:
Бүгінде әр саланың «атағы бар», 
Жатыр жұрт төсбелгісін сатып алып.
Төсі толған салпыншақ жарқ-жұрқ етіп,
Көбейтті «құрметтілер» сапын анық. 
…Кімді алдап ойнап жүр сол «әртістер»
Бес күн жалған өмірді сахна қып?
  
Бәйгеге тұлпар қосқан таң асырып, 
Озса деп тілері анық дара шығып.
Дания, шабытыңа қамшы басып, 
Сеніммен ертеңіңе қарашы нық.   
«Мен үшін төмендеме» дегеніңде, 
Толқыдым, жүрек шіркін аласұрып.
Парасат, пейіліңе басымды идім,
Бұл менің жүрегімнің бағасы нық!
Қосылса екі жақсы бір-бірінің, 
Бағасын асқақтатар әрі асырып.  
…Айналғын өлеңдегі бір еменге, 
Торғайға тамыр тартқан бала шыбық!
 
ДАНИЯ: 
Көз салса халық бізге қарақұрым, 
Жырласын әлі жеткенше ал, ақының. 
Қарындасты көтердің жырыңменен, 
Бостығын байқаған соң қанатының. 
Құрманың ағашындай иілесің – 
Өзіңнен жақсы өнеге алатыным. 
Көгіне күн боп шығып арда өнердің, 
Сейілткің келетіндей қара түнін. 
Өткенді үлгі етіп болашаққа,
Әлі де айтатұғын бар ақылың. 
Атақтылар жайында сөз қозғасаң, 
Жан табылмас оған мін тағатұғын. 
Ел ән салған қыздарын жұлдыз десіп, 
Медаль таққан көбейіп барад ұлың. 
Атақты сатып алу белең алып, 
Сауданың шығарғандай жаңа түрін.
Олар білмес демеймін жүректерден 
Шын мықтының ғана орын алатынын.
Білген соң іздейді атақ тірісінде, 
Өлген соң іздеусіз боп қалатынын. 
 
Соны ойласақ шегеміз, ағасы, мұң, 
Түскені ме өнердің бағасының? 
"Атың шықпаса жер өрте" деген мақал
Желіде тапты бүгін жарасымын. 
Атақ үшін бұл күні арын сатып, 
Бетін өртеп жүр қыздар анасының. 
Атақ сатып алғаннан ауыр боп тұр, 
Арын сатып жүргені қарашығың. 
Елігіп ессіз жүрген ерлер қанша, 
Жемтікке қаптағандай қара шыбын. 
Қыздың ары – ол ұлттың жаны емес пе, 
Осыған ой жіберіп қараса ұлың. 
Баласы ізін жалғай алмаса егер, 
Батырлығы керек пе бабасының? 
 
Шабыттың мініп, аға, кемесіне, 
Өнердің шықтың бұл күн белесіне. 
Қоғамдағы жайларды сынға алатын 
Бейімбет оралады ел есіне. 
Мырқымбай, Талтаңбайлар әлі де бар, 
Халықтың шықсақ дейтін төбесіне. 
Шындықты Би-ағамдай жазу бүгін 
Өнердің айналмасын елесіне. 
Ізін жалғап келесің ұлылардың, 
Шындық байлап жырыңның жебесіне.
Өзің барда сенемін, бұл қазақтың 
"Би-ағаның ізі өшті" демесіне.
 
Жүрегін оқырманның тербе, тілім, 
Бәйге десе таппаймын мен де тыным. 
Ағажан, өнеріңе ғашық етіп,
Тараған тұлпар едің жел кекілін. 
Ұлтыңның ұйтқысы боп жүре берші,
Түзетіп өлеңменен кем-кетігін. 
Өзіңе тілекшінің бірі менмін, 
Әр қазағы – жалғызым жер бетінің. 
Мойныма алсам деймін елдің жүгін, 
Қойнына алғанынша жер бесігім.
 
АБЫЛАЙ:
Жүйткітіп бір белестен бір белеске,
Жүйрігін халық демеп тұрды емес пе?! 
Сәт салса, финалда да маздатармыз, 
Сөз болса сыймай қалған бұл кеңеске! 
Қызығы мына өмірдің сыйластықта, 
Татулық шығарады мың белеске. 
Жүлде үшін бет жыртысып, жағалассақ, 
Алады келер ұрпақ кім деп еске?
Қорқамын біреуге сөз келтіруден – 
Тоғызы он пәленің тілде емес пе?! 
Қоғамын тіліп салған тілі үшін де
Би-ағаң тұтқын болған «үндемеске». 
Өзіңді, өнеріңді құрмет тұтсам,  
Омардай бабам салған үлгі емес пе?! 
Отты ақын – Мәриямдай текті қыздан, 
Хат жазып, кеңес сұрап жүрді емес пе?! 
 
Сөзінің бағаласаң нарқын батпан,
Теңіз ғой Омар Шипин шалқып жатқан. 
Қайраткер, қаны – батыр, жаны – ақын, 
Жырларын бәйге атындай қарқындатқан. 
«Отызда Имановты іздеп тауып», 
Жанары қуаныштан жарқыл қаққан! 
Арқырап, "азаттық" деп айғай салып, 
Бойында сарбаздардың қан тулатқан! 
Кешегі қырғын соғыс кезінде де
Ерлікке үндеп елді сан тіл қатқан. 
От пен оқ ортасына барып тұрып, 
Намыстың алдаспанын жарқылдатқан. 
Заманын өр өлеңімен әлдилеген, 
Бабамның тұтам әркез даңқын мақтан! 
 
Десек те күпінгенде «бәрі әдемі», 
Дүние-ай, азғындап тұр ар әлемі. 
«Атақ жоқ арсыз болмай», – Абай айтқан, 
Шынында бұл не деген заман еді? 
Заманға күйлейтұғын жаман еді, 
Билейтін замананы адам еді.  
Түзелер қоғам түбі деп сенейік, 
Гүлденіп, байтақ Ұлы дала елі. 
Байқасаң, жақсылыққа бетбұрыс бар, 
Әзілдеп, ұмытайық наланы енді. 
Мысалы, Майлин болды аудан аты,  
Бұл айтыс басталғанда Таран еді.  
Осылай бірте-бірте жөнге келер,
Екі мың елуді күт шамалы енді. 
Дания, кем болуға қақымыз жоқ, 
Мәриям – үлгі тұтар анаң еді, 
Бейімбет, Омар менің бабам еді. 
Солардың ізін басқан біз емес пе ек, 
Өнермен өрнектелген жан-әлемі. 
Ал, енді кездескенше, Дәнияжан, 
Сұлуым, сымбаты мен сәні әдемі! 
Өлеңде, өмірде де жүдетпейтін
Жанашыр тілектесің сана мені!

ДАНИЯ:
Елінің еңбек етер керегіне, 
Омардай керек қашанда ер еліне. 
Көңілім көтеріліп қалғандай бір
Мәриям жайлы айтылған дерегіңе. 
Олардың сыйластығын берсе бізге, 
Жарайтын жырлар туар ел еміне. 
Жүлде үшін жарысып бұл айтыста, 
Дедің-ау бет жыртысып керегі не? 
Айтылған ойларыңда ағаттық жоқ, 
Сенемін сыйластықтың жеңеріне. 
Ізетіңді ел көріп отырса да, 
Жырыңмен тағы қақтың шеге, міне. 
Батырланмен сөз етіп айтысыңды ел,
Пікір жазды біразы, еледі де. 
Сыйластықтан аса алмай қос күреңді 
Белгілі тебіспеді дегені де. 
Айтыс бойы отырсың ақталғандай, 
Білмеймін, сол пікірлер себебі ме? 
 
Жырыңды ең әдемі төкпелейсің, 
Бірліксіз, рас, елім, көктемейсің. 
Майлин деп аталса аудан, қуанамын, 
Қазағым азапты күн шекпегей шын. 
Салмақты әзіліңе күле алмаса, 
Санасыз екен деп, ел, сөкпегейсің. 
Әзілмен күліп жүріп жетемін деп, 
Күтіп жүріп өмірден өтпегейсің.
 
Жеңіл ойлап жөн шығар желікпеген, 
Көшіне ұлылардың еріп келем. 
Бағытын әркім өзі айқындайды, 
Бақытын іздейді жұрт сеніп неден? 
Бөрісіне таланып жат ағымның, 
Өрісін санасының кеңітпеген. 
Арзан сөзге бой ұрмай аталарым, 
Маржан сөзбен көкейге теріпті өлең. 
Бабаларын ұмытқан көрген кезде 
Балаларын қараймын жеріп төмен. 
Басты арман қара бастың қамы дейтін 
Жастардан қорқам жатқа еліктеген. 
 
Өнердің қазып, аға, алтын кенін,
Жырласаң ұлыларды, бал тілді едің. 
Омар бабам қазақтың батыры еді,
Қақары қақыратқан жау сүлдерін 
Амангелді батырға серік болған, 
Таптамаса екен деп әркім жерін. 
Бағыңды жандыратын ұл өнеге, 
Жалынды жырларынан алсын дедім.
Батыры мен ақынын ардақтаған 
Сүйемін қарапайым қалпыңды, елім. 
Ұлыларды ұлықтап айтыс жасап,
Ұрпақтың санасында қалсын дедің. 
 
Ағажан, алғыс айттым тілегіңе, 
Түспесін көңіл мұңның түнегіне. 
Аурлығын көрмеспін арда өнердің, 
Айналсаң ақылшым мен тірегіме. 
Өзіңдей ерді туған ел бақытты, 
Білім мен қатар сенген білегіне. 
Арамыздан сыйластық үзілмесе, 
Айтыстың айналармыз реңіне. 
Жүлдеден жүз есе артық жырым менің, 
Жұртымның қонақтаса жүрегіне. 
 
Жүлде емес десең дағы дәметерім, 
Белгілі көкке ұмтылар жан екенің. 
Қазақтай қайсар халық аман тұрса, 
Таусылмас жыр етерің, ән етерің. 
Ақылмен дәлелдедің тағы бүгін 
Атақтан биік тұрар ар екенін. 
Өзіңнен үлгі алып өнеріме, 
Адалдықты әрқашан жар етемін. 
Ұмытпа бір өзіңе тілекші, аға, 
Шығыста қарындасың бар екенін!

You may also like...

1 Response

  1. Ернұр Әуезхан айтты:

    Көз сүйсіндіріп,көңіл тойдыратын,оқысаң мейірің қанатын сөз бәйгесі.Тілекшімін қос мықтығада!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓