Даланың дархан бір ұлы Жәзит Құдайқұл өткен жылы дәл осындай қоңыр күзде дүние салған еді

IMG_2668   кудайкуловТуған жердің тұлғасы, "Қарабатыр" агрофирмасының бас директоры Жәзит Құдайқұлды көпшілік білді, сыйлады, құрмет тұтты, одан үлгі алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Жәкең басқарған ұжымды жаңа қатынастарды қолдаушы "алғашқы қарлығаш" деп бағалады. Сол "алғашқы қарлығаш" өзінің өміршеңдігін көрсетті. Бұрынғы аты алысқа кеткен іргелі шаруашылықтар жекешелендіру кезінде тоз-тозы шығып, берекесінен айырылса, "Қарабатыр" сол қатты дауылға қарсы тұрды, төтеп берді. Тек кеңшардың бұрынғы байлығын сақтап қана қойған жоқ, оны еселей түсті, өндірісті кеңейтті, әлеуметтік саланы дамытты, елді мекенді дәулетіне сәулеті сай құт қонысқа айналдырды.
"Қарабатырды" алғаш көрген адам аузын ашып, көзін жұмады. Мұнда ауыл адамының өнікті еңбек етіп, бейқуат тіршілік етуіне не қажеттің бәрі бар. Қызмет көрсету саласы да, елді мекеннің инфрақұрылымы да қаладағыдан артық болмаса, кем емес. Жаңа Қазақстандағы жаңа тұрпатты ауыл осындай болса керек-ті.
Мұның бәрін жасаған сол Жәкең, "Қарабатырдың қас батыры" Жәзит Құдайқұл еді.
Ағамызды "Қарабатырдың қас батыры" атап, арқасынан қаққан академик Манаш Қозыбаев болатын. Сол ғұлама ғалым "Тарих зердесі" атты кітабына былайша қолтаңба қалдырыпты:
         "Бауырым, ел баласы Жәзитке!
         Елің, халқың бағалап,
         Ұлтқа болдың азамат.
         Ту ұстаған бауырым,
Інімсің жүрген ағалап,
Сендей берген ініні,
Қанағат, Алла, қанағат.
Өтпелі өтпек жерлерде,
Болғайсың сау-сәламат.
Елде, түзде бір болу,
Саған, маған аманат!"
Шіркін-ай, десейші, неткен сөз, неткен құрмет. Өкініштісі бүгін сол Жәкең де, Мәкең де дүниеде жоқ. Бірақ олардан қалған із, өнегелі іс бар.
Жәзит Кәрімұлының өмірін көктей шолсақ, ол былайша өрбиді: "Орқашта" автокөлік жүргізушісі, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, оқыды, жоғары білім алды, "Ворошилов" кеңшарында партком хатшысы, "Талдыкөлде" директор, кейін "Ворошилов" кеңшарында басшы болды.
Кеңес Одағы тарап, шаруашылықтар тығырыққа тірелгенде жаңашыл Жәзит Құдайқұл осы "Қарабатыр" агрофирмасын құрды. Өндірісті жаңаша ұйымдастыру жаңа белестерге жеткізді. "Қарабатырдың" аты алысқа кетті, оның басшысы абырой-беделге ие болды. Ауылға тәжірибе алмасуға талай ағайын ағылды. Жәкең республикалық агроөнеркәсіп қызметкерлері кәсіподағының төрағасы болып сайланып, өз тәжірибесін өзгелерге ұсынды.
Төңірегіне нұр құйып, шуақ шашып жүретін ағамыз  өткен жылы дәл осындай қоңыр күзде дүниеден өткенде "Қарабатырдың" қайғыдан белі қайысты. Даланың дарқан да, дана перзентін соңғы сапарға шығарып салуға мыңдаған адам келді, қоштасу сөзін айтты, артында ол бастаған істі абыроймен жалғастыратын ұрпағы барлығына  шүкіршілік жасады.
Иә,  ұрпағы барда, аға жолын  қуған ізбасарлар барда Жәкеңнің "Қарабатыры" әлі талай игі істердің бастамашысы  боларына сенім кәміл.
Сәлім
     МЕҢДІБАЙ
Суретте: Жәзит Құдайқұл.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓