Медицинаның Ыбырайы

Тұңғыш туралы тың дерек
 
Соңғы кезде Алаш қайраткерлері туралы көптеген деректі шығармалар, тың естеліктер, зерттеулер жарияланып жүр. Соның бірі – Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар апамыздың «Шындық шырағы» деп аталатын әкесі туралы естеліктердің жинағы. Мұнда Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, К.Кемеңгеров сынды көптеген Алаш арыстарының өмірлері мен қызметтері туралы шынайы естеліктер нақтылы суреттелген. Қазақ халқының болашағы үшін білімін жұмсап, жанын отқа да, суға да салып күрескен бұл азаматтардың есімдері «Шындық шырағында» жан-жақты ашылған. Кітап авторы әкесімен үзеңгілес, армандас болған көптеген жора-жолдасының жетістіктерін егжей-тегжейлі жеткізе білген. Кітапта қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер, меңдіқаралық жерлесіміз Мұхамеджан Қарабаевтың өмір жолы кеңінен қамтылады. Сонда М.Қарабаев М.Дулатовпен кездесті ме? Бұл сұрақтың жауабын меңдіқаралық ардагер, газетіміздің штаттан тыс тілшісі болған Есет Көбековтен сұрап көрдік.
IMG_2639
– Негізі, мұндай деректер жоқтың қасы, тек белгілісі, сол кезде М.Қарабаевты оқыған, тұңғыш кәсіби дәрігер екенін дәлелдеп, Алаш қайраткерлерінің қатарына қосады. Осындай ұлтжандылығы азаматтығы үшін Гүлнар апамыздың рухына тағзым етпеске болмайды. М.Қарабаевтың өмірі мен қызметі жас ұрпақ үшін үлгі боларлық тұлға екені даусыз. Екінші бір себеп, М.Қарабаевтың туғанына 160 жыл толды. Осыған орай ауданымызда медицина саласының Ыбырайы, қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер М.Қарабаев туралы ауқымды шаралар өткізілді. Мен архивтерді ақтарып, өз көзіммен көрген әлемдік статтың деректеріне сенемін. Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер М.Қарабаевтың есімі сонау Якут-Саха елінде де зор құрметке ие., – дейді Есет ақсақал.
Сондай-ақ, жазушы Табыл Құлияс шығармаларынан да бұрын естілмеген М.Қарабаев туралы белгісіз біраз жайттар анықталды. Соның біріне назар салып көрелік:
«Қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер Мұхаммеджан Қарабаев деген кісі болған. Ол туралы да талай архивтерді ақтарып, мақалалар жаздым. Кітабым да басылып шықты. Мұхаммеджаннан қалған жазба бар. Сонда айтады: «1903 жылы қазақ даласында оба ауруы талай адамды қырып кетті. Ауруларды емдеуге менің қолымда дәрі-дәрмек түгел, бір ақ дәкі жоқ» деп жазыпты. Мұхамеджан Қарабаевтың туған жері Қостанай облысы. Петербургтың Медициналық университетінің түлегі. Жаяу-жалпы жүріп халыққа дәрігерлік көмек көрсеткен, әр жерден медпункіттер ашуға көмек сұрап патшаға хат жазған. Сол жылғы обадан нақты қанша адамның опат болғанын айта алмаймын, бірақ айтарлықтай кеміп кеткендігі белгілі».  
image
Кедей шаруаның семъясында өмірге келген Мұхамеджанның балалық шағы сол кездегі жүздеген кедей балаларының өмірінен айырмашылығы жоқ еді. Байдың малын бағып, қорлықты, азапты күн кешті.
– Мұхамеджанның бұл кездегі бар қиялы, арманы оқу еді. Әкесіне мұңын шақты, жылады. Әкесі де бұл азаптан баланы құтқарудың бір жолы оқу деп тапты. Малын сатты, қаржы жинады. Ұлын қалаша киіндірді. Сөйтіп Троицк гимназиясына оқуға түсірді. 1881 жылы маусымда Мұхамеджан Троицк гимназиясын ойдағыдай бітіріп, Қазан университетіне оқуға түсуге өтініш білдірді. Оның әрі қарай университет оқуын жалғастыруына Николаевск (Қостанай – авт.) уезінің басшысы Сипалковтың және сол кездегі Торғай губернаторының көмегі болғанын да атап өткен орынды, – деп жалғады Есет Көбеков.
Сонымен, 1884 жылдың қазан айында М.Қарабаев Қазан унивеситетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Оқуға бар ынтасын салып білім, ғылыммен таныса бастайды. Бұл жылдары әке-шешесі дүние салған-ды. Тұрмыстың ауырлығы құр соңынан қалмайды. Аштық, жалаңыштыққа қарамастан, білімге деген құштарлығы, талабы ескеріліп, университет басшылығы Мұхамеджанға оқуын аяқтауға мүмкіндік жасайды. Осындай көптеген тауқыметті тарта жүріп,1887 жылдың көктемінде Қарабаев университетті бітіріп шығады. Ол білімін толықтыра түсуі үшін қазан қаласындағы ірі клиникаларда бір жылдай жұмыс істеп, тәжірибе жинаған. Содан өз мамандығын жақсы меңгергеннен кейін 1888 жылдың бас кезінде еліне оралады. Дәрігер бір хатында былай депті: «Өзімнің туған халқым алдындағы қарызымды өтеуге және оған қызмет етуге дайындықтан толық өткен тәріздімін». Міне, ол алдымен Қостанайда қалалық дәрігер болып қызметке орналасады.
– Отарлық езгінің уақыты, «басы ауырмастың жаны ашымас» дегендей, басшылық қазақ дәрігеріне салқын қарап, ешқандай жағдай жасамаған. Бұл ел ішіндегі сүзек жұқпалы ауруларды жаяулап жүріп емдеуге қол байлау еді. Ақырында 1890 Қазақстанға кең тараған оба, сүзек сияқты жұқпалы аурулардан бір жылда 20 мың 722 адам ауырып, оның 13127-сі қайтыс болған екен. Осындай қиын-қыстау кезде М.Қарабаев күндіз-түн демей, жұқпалы аурулармен күресіп ерен қызмет еткенін тарих ұмытуға тиіс емес, – деп түсіндірді ардагер.
 
Ыбырайдың шәкірті
 
Жазушы Табыл Құлыяс дерегіне сүйенсек, 1895 жылы қазақ даласында бірінші рет Ырғызда жаңа аурухана салуға бастама көтеріп, соны іске асырған да Мұхамеджан Қарабаев екен. Соның бір дәлелі, осы кезге дейін Ырғызда М.Қарабаев атында мұражай бар. Жұрттың М.Қарабаевты медицина саласының Ыбырайы деп неліктен атайтынын ұғынатындаймыз.
– Үздік мұғалімдер үшін берілетін Ы.Алтынсарин атындағы медаль бар. М.Қарабаевтың еңбегін ескеріп, Үкімет медицина қызметкерлері үшін М.Қарабаев атындағы төсбелгіні тағайындап жатса артық болмас еді. Бұған қоса Мұхамеджан – Ы.Алтынсариннің шәкірттерінің бірі. Оқуға ден қоюына Ыбырайдың да ықпалы болған көрінеді, – деген ұсыныс айтады Есет Көбеков. – М.Қарабаевтың сол уақыттағы ерекшелігі – халықты тегін емдеуі. Ол халықтың жағдайын шын ұғынып, азаматтығын көрсеткен. Расымен де, айлап жалақы алмай, тарығып жүріп, неше түрлі жұқпалы, тырысқақ ауруларды емдеуі үлкен еңбек. Ауыр тұрмыста өмір сүрген кедей халықтың арасында түрлі жұқпалы аурулардың болғаны аян. Дәрігерлердің тапшылығы, халықтың сауатсыздығы, тазалықтың сақталмауы – осының бәрі жиылып ауру-сырқауға, өлімге алып келу жағдайы жиі ұшырасатын. М.Қарабаев қызмет істеген Торғай, Ақтөбе облыстарында (Ырғыз) халықпен тығыз байланыста болды. Қызметін адал атқарып, ауыртпалықтан қашқан емес.
есет
Мұхамеджан Қарабаевты 1911 жылы Якут облысына, одан соң Орта Колымаға жұмысқа жібереді. Бұл жерлерде 1916 жылға дейін істейді. Одан кейін Петербургте «Қызыл Крест» қоғамына қызметке келіп, осы жерде Қазан төңкерісін қарсы алады. М.Қарабаев 1918 жылы туған еліне оралған. Енді мынаған зер салайық, осы жылдары жас дәрігер Әліби Жангелдин отрядында қызмет атқарды деген дерек бар. 1921 жылы Әліби Боровскойға Мұхамеджанды әдейі іздеп келген деседі.
– Бұлардың бір-бірін өте жақсы білгенін ұғуға болады. Кейін Ә.Жангелдин Алматыда үлкен қызметте отырғанда ҚазАКСР орталық Атқару комитетінің секретариатына алғашқы қазақ дәрігері М.Қарабаевқа дербес пенсия белгілеу жөнінде өтініш білдірген. 1927 жылы 20 қаңтарда былай деп жазған: «Дәрігер Қарабаев 40 жыл бойы қиын салада аянбай еңбек еткен бірден-бір қазақ дәрігері. Ол совет үкіметінің алғашқы күндерінен өзінің адал еңбегімен халыққа қызмет еткен шағын интеллигенция қатарына жатады. Денсаулық сақтау комиссариатынан азамат Қарабаевқа дербес пенсия белгілеу жайлы өтінеді, – деді Есет Көбеков.
Негізі, одаққа танымал атақты медицина саласының ғалымдары, академик, профессорлар – И.Қарақұлов, Е.Оразақов сынды зиялылар қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер М. Қарабаевтың есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде үкіметке біраз ұсыныстар жолдаған. Мұны тарихи деректер растайды. Боровской тубсанаториіне М.Қарабаевтың есімі берілуі соның бір айғағы. Бірақ бұдан басқа ешқандай ұсыныстан нәтиже шыға қоймаған. Белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы 2015 жылы «Жүз жиырма тұңғыш» атты жинақтың 1-ші томын құрастырып, жарыққа шығарды. Онда қазақ халқының өміріне, тарихы мен мәдениетіне, ғылымы мен экономикасына қатысты әр саланы игеруге, ашуға, дамытуға тұңғыш із қалдырған қазақтың ұл-қыздарының есімдері бар. Мәселен, тұңғыш Ғұн империясын құрған Мөде, Махмуд Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Әлкей Марғұлан т.б белгілі тарихи адамдар енген. Соның ішінде тұңғыш қазақ дәрігері  М.Қарабаевтың да есімі жазылған.
Есет Көбеков атақты дәрігердің жанұясы мен жеке өмірі жайлы қысқаша деректерді ұсынды. Сөзінше, М.Қарабаевтың бірінші жұбайы оқыған, көргенді, мәдениетті отбасынан шыққан орынборлық татар генерал Бикчурин дегеннің Қадиша есімді қызы болған. Мұқаметжан мен Қадишада перзент болмағандықтан, ауылда тұратын Дәулет деген інісінің баласын бауырына басқан.
– Бала психологиясын жақсы білетін  дәрігер жұбын жазбай екі қыз, Құсни мен Шәкенді бірдей қарамағына алады. Шәкеннің жасы төртте, Құсни одан үлкен болған. Екеуін Орынборға әкеліп, балалары ретінде өсіріп, жан-жақты тәрбие береді. Оқу жасына жеткенде мектепке береді, гимназияға түсіріп оқытады. Құснидың  өлең айтуға  дауысы жақсы болғандықтан музыкаға, биге әуестендіріп сол үшін мұғалім жалдап оқытады. Құсни өнерлі, көрікті қыз болып бой жетеді. Ол Орынбордағы оперетта театры оркестрінің дирижері, ұлты неміске тұрмысқа шығып, 1918 жылы отанын қиып, туыстарын қалдырып, өзінің сүйген жарына еріп Германияға кеткен. Құсни сол кеткеннен елге оралмаған. М.Қарабаев сүйіп қосылған әйелі Қадишамен ұзақ тұрмаған, оған түрлі себептер болуы мүмкін. Кейін, М.Қарабаевтың өмірінің ақырында оның ауырғанын естіп, Қадиша Орынбордан Боровойға оны бағуға келген. Өз қолынан соңғы сапарына жөнелткен аяулы жары, – дейді ол.
Мұхаметжан Якут облысында жұмыс істеп жүргенде Любовь есімді Саха қызына үйленеді. 1912 жылы Есман есімді ұл, 1914 жылы Тамара есімді қыз өмірге келген. Белгілі себептермен, әйелі өзінің туып-өскен жерінде қалып, Мұхаметжан балаларымен елге оралады. Осы жақта туды деп балаларына метрика алып берген-мыс. Боровскойда жұмыс істеп жүрген кезде Мәриям деген татар қызына үйленеді. Жұртқа жағымды, балаларына  мейірімді, туған аналарындай еркелетіп өсіріпті. Өкінішке орай, Мәриям 1920 жылы кенеттен дүние салады. М.Қарабаевтың өзі 1928 жылдың  қаңтарында қайтыс болады. Сүйегі Меңдіқара ауданы Введен селолық округының зиратында.
 
 

You may also like...

4 Responses

  1. Қолқоюсыз айтты:

    Керемет жазылған

  2. Мейрам айтты:

    Мақала орынды жазылған. Расында Мұхамеджан атамызды тарихта мәңгілік қалдыру үшін көше және аурухананың атын беру қажет. Сосын ол кісі Ыбырай атамыздың жеке дәрігері болған деген тарихи әңгіме бар. Мен ол кісінің немересі Кәрім Мұхмеджановтың батасын алып,  дәмдес дастархандас болғам. Сол кезде айтып отыратын. 

  3. Елдос айтты:

    Қасеке, осындай дүниелерді жиі жазып тұрсаңшы. Сенің бір қауым оқырманың барын ұмытпа бауырым! Мұхамеджанды Дулат бабамыз көрген деседі.Олар туралы Апамыздан бөлек, Ақселеу ағайымыздың жазбаларында бар. Бірақ,мынау құнды дерек екен. Есет ағай ретімен түсндіріпті. Рахмет, Қостанай таңы!!! Ел үшін төкккен тер еселене қайтсын!

    • Қасқырбай Қойшыманов айтты:

      Елдос, лебізіңе рахмет! Дулат бабамыз туралы нақтылай түссең? Бәлкім, тағы бір тың материалдың ұшы шығып қалар…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓