Кассалық аппараттың машақаты
Қостанайдағы орталық базардың төменгі көтерме сауда нүктесіндегі мүгедектер қауымдастығының саудагерлері 2020 жылдың қаңтар айынан міндеттеліп отырған цифрлық кассалық аппарат алуға наразы. Даладағы темір дүңгіршектерде сауда жүргізетіндер үшін мұндай құрылғымен жұмыс істеу тиімсіз. Себеп – мұндай онлайн кассалық аппарат қыстың қақаған аяздарына төтеп бере алмайды.
"Біріншіден, аппараттың онлайн түрде жұмыс істеуі екіталай, үнемі интернетте байланыс ақауы болып тұрады. Екіншіден, бұл құрылғы біздің жақтың аяздарына шыдас бере алмайды. Сіз смартфоныңызбен қыстың күні далада жұмыс істеп көріңіз, қанша сағатқа шыдайтынын білесіз бе? Әрі кетсе, бір жарым-екі сағат. Ал біз далада таңертеңнен кешке дейін сауда сатып тұрамыз. Сонда күнұзаққа кассалық аппарат қалайша жұмыс істеп тұра алады? Біз оның әрқайсысын 73 мың теңгеге сатып алсақ та, сөреде сувенир ретінде ғана тұруға жарайды. Салық төлеуден жалтарып тұрған жоқпыз, бірақ мына жаңашылдық ақылға сыймайды. Егер ғаламтор істен шығып, түбіртек ала алмасақ, біз оны мемлекеттік кіріс басқармасының мамандарына қалай дәлелдейміз? Сол себепті, жағдайымызға қарап, бізді онлайн кассалық аппарат қолданудан босатса деген өтінішіміз бар", – деді Людмила және Айгүл есімді жеке кәсіпкерлер.
Бүгін сауда иелері Қостанайдағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының кеңсесінде өтіп жатқан «Халыққа жақындық» акциясына келіп, осы түйткілін Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары Қуанышбек Бекшинге жеткізді. Енді Людмила мен Айгүл қатарлы кәсіпкерлер тиісті органға осы мәселемен арыздану керек. Қазір облыс орталығындағы 7 базарда екі мыңнан астам саудагер ашық далада сауда сатады екен.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қостанайдағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының кеңсесінде республикалық «Халыққа жақындық» акциясы өтіп жатыр. Тұрғындар өздерінің сауалдарымен, шешілмеген мәселелерімен мұндағы түрлі сала басшылары мен мамандарынан тікелей көмек ала алады.
Қыдырбек Қиысхан