Соналылықтар сандық телеарнаға қосылды
Осыдан төрт жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елімізде “OTAU TV” Ұлттық жерсеріктік сандық телерадиохабар тарату желісі іске қосылған болатын. Содан бері бұл желі үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, шалғай жатқан елді мекендер үшін…
Айталық, 2013 жылы Сарыкөл ауданы, Тәгіл ауылдық округіне қарасты Соналы елді мекені «Отау ТВ»-ны орнатты. Оны іске асыру барысында ауыл тұрғындарының тоқсан пайыздан астамы 38 республикалық және жергілікті телерадиобағдарламаны тегін қабылдауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ абоненттер ақылы негізде түрлі тақырыптағы 50-ден астам шетелдік телеарнаны көруге қол жеткізді.
-Жоғары сапалы бейнені қамтамасыз ететін отандық спутниктік телеарнаның нарыққа шыққаны жақсы болды. Бұрын небары 4 телеарнаны тамашалайтынбыз. Оның өзі бұлдырап зорға көрсететін. Қайта-қайта далаға шығып, антенаны қозғап әуреге түсетінбіз. Енді, міне Құдайдың рахаты. Барлық арна бар. Бәрі де анық көрсетеді. Үйде отырып, пульттің тетігін қозғап-ақ, қалағаныңды қарай бересің. Әсіресе, қазақтілді арналардың көптігі қуантады. Бұл – немерелерімізге де жақсы болды. Қысқасы, “Отау ТВ”-ға қосылғалы көзіміз ашылып қалды. Осындай қолжетімді дүниені ойлап тапқандарға алғысымыз шексіз, – дейді Соналы ауылының тұрғыны Бекмағанбетовтар отбасы.
Жалпы, «OTAU TV» спутниктік желісі – жаңа мүмкіндік. Оған қосылу еліміздің кез келген нүктесінде қолжетімді. Сондықтан, қазіргі уақытта елдің бәрі осыны қостыруда. Бұл қала мен ауыл арасындағы ақпараттық теңсіздікті төмендетіп, отандық, шетелдік телерадиоарналарға тең көлемде қолжетімділікпен қамтамасыз етуге жағдай жасап отыр.
-Соналы ауылына «OTAU TV» телехабар тарату желісін қостырғалы, тұрғындардың отандық телеарналарды көруге қолы жетті. Осы арқылы елімізде болып жатқан оқиғаларды бір демде біліп отыратын болды.
2013 жылы Соналы ауылына «Отау тв»-ны қостырту туралы тапсырма келді. Осыны орындау мақсатында ауыл тұрғындарымен тілдесіп, олардың келісімін алдық. Сөйтіп, ауылдағы үйлерге ұлттық жерсеріктік сандық телерадиохабар тарату желісін «Қазтелерадио» АҚ-ның ауыл тұрғындарына арнаған акциясы аясында әр абонент «Отау ТВ»-ны 15 500 (он бес мың) теңгеге орнатты. Бұл – соналылықтар үшін үлкен сый болды, – дейді Тәгіл ауылдық округінің әкімі Сағымбай Сүндеталин.
Жалпы, ауданымызда аталмыш ұлттық желіні қосушылар саны артып келеді. Мәселен, қазіргі күнде Қарашілік, Новый, Күнтимес секілді ауылдардағы ағайын “Отау ТВ”-ның қызығын көріп отыр.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.