Қостанай облысының әкімі тағайындалды
Бүгін Қостанай облыстық маслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Күн тәртібінде Қостанай облысы әкімінің лауазымына үміткерді тағайындауды келісу мәселесі сөз етілді. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бауыржан Қасенов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қостанай облысының әкімі лауазымына Архимед Мұхамбетовті тағайындауға келісім беру туралы ұсынысын жеткізді.
«Архимед Мұхамбетов мемлекеттік басқару органдарында басшылық лауазымдарда үлкен тәжірибесі бар, Ақтөбе қаласының әкімі, Ақтөбе облысының әкімі болды. 2015 жылдың қыркүйегінен бастап Қостанай облысының әкімі», – делінген Мемлекет басшысының ұсыным хатында.
Сондай-ақ депутаттардың алдында облыстық маслихат депутаты Береке Мұхаметқалиев сөз сөйледі. Ол облыс әкімі Архимед Мұхамбетовті өз ісінің шебері және білгірі ретінде атап өтіп, облыстық мәслихат депутаттарына Мемлекет басшысы ұсынған кандидатураға қолдау көрсетуді сұрады. Депутаттар қазіргі облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің кандидатурасын бірауыздан бекітті.
Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы Сайлаубек Ещанов Архимед Мұхамбетовті құттықтады. Тиісінше, депутаттар Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін атап өтті.
Өз кезегінде, Архимед Мұхамбетов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім артқаны үшін алғысын білдіріп, депутаттарға бірлесіп атқаратын жұмыста сәттілік тіледі.