Цифрландырудың жол картасы түзілді
Облыста цифрландырудың жол картасы жасалды. Оған әзірге 77 жоба енгізілді. Оның жартысына жуығы ауыл шаруашылығына қатысты. Нақты айтсақ, бұл салада осы жыл ішінде 29 жылдам жетістіктер іске асырылады. Және оның бәрі кәсіпорындар есебінен атқарылады. Ақылды технологиялар ет, сүт фермаларына, егіншілік шаруашылығына енгізіледі. Егістік алқаптарының электронды картасы, жерсеріктік GPS навигациясы, автоматтандырылған мал бақылау құрылғылары жақын болашақта үйреншікті құбылысқа айналады. Сүт фермасына австралиялық ІТ-технологияны орнату көзделіп отыр. Мамандардың айтуынша, ол он шақты айдың ішінде өзін ақтап шығады. -Мәселен, сүтті сиырларға болюс енгізіледі. Соның арқасында нақты бір сиыр 305 күннің ішінде 5 мың 500 литр берсе, осы технологияны енгізу арқылы жаңағы сиырлар 6 мың 350 литрге дейін, яғни 850 литрге көп сүт береді, – дейді облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары тұрғын үй-коммуналдық саласында, нақтырақ айтсақ, сыртқы жарықтандыру мен бағдаршамдарға да автоматтандырылған жүйе орнатылатындығын айтты. Бұл жолаушылар тасымалын, коммуналдық және қала қызметтерінің шұғыл жағдайда жұмыс істеуіне тиімді жол ашпақ. Осы арқылы қала тұрғындары аула тазалығын, қатты- тұрмыстық қалдықтардың шығарылуының сапасы сияқты бірқатар шаруаларға белсенді түрде қатыса алады.
Мейіржан Ұябайұлының айтуынша, автоматтандырылған жүйе жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру бекттеріне де орнатылады. Мұның бәрі қостанайлықтардың заман ағымына сай лайықты өмір сүруіне жасалған қадам.
Әлібек ЫБЫРАЙ