Ақтоты Райымқұлова – Мәдениет және спорт министрі
Ақтоты Райымқұлова Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды, – деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі. "Ақтоты Рахматоллақызы Райымқұлова Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалсын", – делінген ҚР Президенті Қ.Тоқаев Жарлықта.
Ақтоты Райымқұлова осы қызметке тағайындалғанға дейін 2016 жылғы 3 қазаннан бастап вице-министр болды. 1964 жылы 2 мамырда Алматыда дүниеге келген. 1987 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын "композиция" және "фортепиано" мамандықтары бойынша, "композиция"мамандығы бойынша аспирантураны тәмамдады. Сонымен қатар, "менеджмент" мамандығы бойынша Халықаралық бизнес академиясының магистратурасында оқыды. DBA (Doctor of Business Administration) ғылыми атағы бар.
Ақтоты Рахметоллақызы көптеген музыкалық туындылардың авторы, олардың ішінде «Ел бақыты», «Apple of Peace», «Көкжал» кантатысы, «Толғау», «Дала сыры» және «Жәмиля», симфониялық поэмаларының, «Аспан көші» екі актілі балеті, «Алатау» пьесасы, «Соңғы сезім», «Тұзды шөл», «Абай», «Еңлік-Кебек», «Абылайхан», «Естайдың Қорланы», «Гамлет», «Қорқыттың көрі», «Сыған серенадасы» секілді спектакльдерге музыкалық туындылардың, фильмдер мен сериалдарға жазылған саундтректердің авторы.
Түрлі жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының концертмейстері және оқытушысы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогигалық институтының оқытушысы болып қызмет етті. ҚР Мәдениет министрлігінің Мәдениет және өнер істері комитетінің төрайымы болды. 2014 жылдан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры қызметін атқарды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі лауазымында болды.
Ақорда сайтында Мемлекет басшысының Жарлығымен Арыстанбек Мұхамедиұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі қызметінен босатылғаны жарияланды.