Салауатты өмір салтын қолдаймыз!
Жамбыл орта мектебінде қыркүйек айының алғашқы аптасында "Біз – салауатты өмір салтын қолдаймыз!" атты ұранмен "Денсаулық апталығы" және түрлі спорттық іс-шаралар өткізілді.
Апталықтың мақсаты – оқушыларға салауатты өмір салтын насихаттау, өз денсаулығына ұқыпты, жан-жақты қарауға үйрету болып табылады. Мектепте апталық барысында сыныптарда "дөңгелек үстел", психологиялық тренингтер, жас мамандар арасында волейбол жарысы ұйымдастырылды. Ойын қызықты да, тартысты өтті. Апта ішінде сынып жетек-шілер арнайы тәрбие сағаттарын өткізді. Оқушылар спортпен шұғылдану адам өмірі үшін өте қажет екендігін түсінді.
Мектеп оқушылары мен ұстаздар аудандық дене тәрбиесі мен спорт бөлімі өткізген "Спорт – халық денсаулығының кепілі" атты "Денсаулық–2014" фестиваліне қатысып, жүлделі орындарға ие болды. І орыннан Мұхаметқали Наурызбек, Әбенов Мақсұт, Жаукен Мархаббат, Қайырбекова Меруерт көрінді. ІІ орынға Студент Тілекбек, Жұмадилова Кәмила, Жабатова Аружан, Балтабаева Гүлнұр ие болды. ІІІ орыннан Бөкенов Әлібек, Ақтаев Бекзат, Байжуминова Гүлдана, Шілдебаева Аягөз көріне білді. Аталған оқушылар мектепте берілген тәрбиені ақтай біліп, өздерінің спортқа жақын екендіктерін танытты.
Бүгінгі күні елімізде спорттың дамуына ерекше көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Оқушыларды білімді де, салауатты ұрпақ етіп тәрбиелеу өмір талабы деп ойлаймын.
Нұрсила ОСПАНОВА,
Жамбыл орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Науырзым ауданы.