Тапсырма неге уақтылы орындалмайды?

Облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде былтырғы жылғы бюджеттің тиімді жұмсалуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, басқа да қаржылық мәселелер талқыланды. Бұл жөнінде аймақтық қаржы басқармасының басшысы Сәуле Аймұхамбетова баяндама жасады.
556174Қазіргі таңда аймағымыз бюджет қаражатын игеру жағынан ОҚО, Алматы, Ақтөбе облыстарын алға шығарыпты. Пайызбен есептесек – 99,3. Айта кетейік, өткен жылы атқарушы органдар тарапынан бюджет қаржысын басқару 12 әкімші мен 53 даму бағдарламасы бойынша орындалған. Өңіріміз 2013 жылды 45,4 баллмен аяқтапты (республикадағы орташа көрсеткіш 39,6 балл). Сөйтіп Қостанай облысы 2012 жылғы 13 орыннан былтыр 5 орынға дейін көтерілген екен. Жалпы өткен жылы 53 бюджеттік бағдарламаның жүзеге асырылуына 26,1 млрд. теңге бөлінген болса, оның 25,8 млрд. теңгесі игерілген. Алайда бұл көрсеткіштерге кері әсерін тигізіп отырған мәселелер де жоқ емес:
– Инвестициялық жобалардың қымбаттауы 51,4% жетті (2012 жылы 25,9,                    2011 жылы – 18,7% құраған). Нысандар белгіленген уақытында тапсырылмай, кешігу салдары орын алды. Өткен жылы жоспарланған 109 нысанның 58-і ғана іс жүзінде тапсырылды, 46 нысан мерзімінде тапсырылмаған болса, 5 нысан мүлдем жүзеге асырылмаған. Бұл көрсеткіш 2012 жылғымен салыстырғанда, анағұрлым төмен (107 нысанның 93-і тапсырылған), – деді С.Аймұхамбетова.
Басқарма басшысы сондай-ақ, 2013 жылы 2009-2010 жылдарда дайындалған жоба-сметалық құжаттардың ескіруіне байланысты қысқартуға ұшырағанын атап өтті. Бұған қоса, сметалық жобалар да қымбаттаған. Мәселен, бұған дейін қабылданған 2 инвестициялық жоба былтырғы жылы бастапқы бағасынан 367,1 млн. теңгеге артып, 714,3 млн. теңгеге жеткен. Баяндамашы мұндай қымбаттаудың соңғы үш жылда кері әсерін тигізіп жатқанын айтты.
«Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша қаражатты үнемдеу» көрсеткіші жағынан да кері кету әрекеттері байқалады. Мәселен мемлекеттік сатып алу кезінде қаражат 3% дейін үнемделсе, жоғарғы 4 баллға ие болады. Ал осындай қаржыны тиімсіз игеру деректері жиі кездеседі. Айталық, қайта бөлінген қаражатты игеруде құрылыс басқармасы Рудный қаласындағы 500 орынға арналған құны 1 млрд. теңге болатын емхананың құрылысы жобасын жүзеге асыру кезінде жоғарғы балл жоғалтқан. Қаржыны тиімсіз жұмсау Арқалық қаласында (324,2 млн. теңге), Алтынсарин ауданында орын алса (301,3 млн. теңге), Федоров ауданында мердігер компания уақтылы жұмысты орындамай, жоспарды келесі жылға ауыстырған (300 млн. теңге).
Есепті тыңған облыс әкімі Нұралы Садуақасов бюджет қаражатын игеруге, әсіресе, мемлекеттік бағдарламалардың мерзімінде жүзеге асырылуына салғырттық танытпауға шақырды. Өңір басшысы әккі, тәжірибелі деген мердігер компаниялардың да кейде үлгере алмай қалатынын ескертіп өтті.
 
 
Шұға Қоңқабай

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓