Биыл «Тың» жазғы спартакиадасы Қостанай қаласында өтпек
Дәл қазір өңірдің кейбір спорт кешендеріне жұмсалатын қаржы көлемі әжептәуір болатындай-ақ түрі бар. Бұл жайында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аппарат мәжілісінде солай деді.
Әрине, себептің де алды бар – тек қана Қостанай мен Рудный қаласының мұз айдынының өзіне жұмсалатын қаржы көлемі 1,5 млрд. теңгенің басын құрайтын көрінеді. Мұны егжей-тегжейлі түсіндірген өңір басшысы Архимед Бегежанұлы облыстық туризм және дене шынықтыру басқармасының басшысы Сергей Матвиенкоға тапсырмалар жүктеп, шешілу жолдарын қарастырды.
Басқарма басшысының келтірген мәліметіне жүгінсек, спорттық іс-шаралардың ұйымдастырылуы жөнінен Лисаковск, Рудный қаласы мен Әулиекөл, Жітіқара, Қарабалық және Таран аудандары спорттық терминмен айтқанда, аутсайдерлік танытып отыр. 2014 жылмен салыстырғанда, көрсеткіштері сәл төмендеп кеткен. Мұны әрине, қаржы бөлу жағдайына тіреп қоюға болады. Бірақ, демеушілердің де көмегімен бұқара халықты тартып, жаппай спорттық шараларды жиі өткізуге болатындығын өңір басшысы ескертті.
Ал, спортшылардың жарысқа қатысуы жағынан Қостанай қаласы мен Қамысты, Сарыкөл және Федоров аудандары әлсіздік танытып отыр. Бүгінге дейін бұқаралық спорт үшін өңірде 33 стадион, 2 спорт сарайы, 44 спорттық кешен және 1224 спорт алаңы жұмыс істеуде. Жалпы, спорт инфрақұрылымын дамытуға былтыр 543,7 млн. теңге қаржы жұмсалыпты. Оның 15,4 млн теңгесі демеушілердің үлесінде.
Жаздық және қысқы спорт жарыстары да уақытында ұйымдастырылып келеді. Мәселен, 2007 жылдан бастау алған шаңғы фестивалі де жыл сайын ақпан айының аяғында өтіп, оған бұқара халық жаппай қатысуда. Жаз айында дәстүрлі түрде болатын «Тың» облыстық спартакиадасы да халықты салауатты өмір салтын қалыптастыруға әрі үнемі спортпен шұғылдануға көп септігін тигізуде.
Сондай-ақ, өңірде паралимпиадалық ойындар да тұрақты ұйымдастырылуда. 2015 жылы аталған ойынға 4500 мүгедек жан атсалысқан көрінеді.
Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлері: теңге алу, аударыспақ, арқан тарту, асық ату, жұдырықтасудан Қарабалық, Меңдіқара, Наурзым, Жанкелдин ауданы мен Арқалық қаласының атсалысуы көңіл көншітпей отыр.
– Бұл қалай?.. Қарабалық және Меңдіқараны жақсы түсінеміз,– деді Архимед Бегежанұлы көңілі толмай. – Ал, басқаларына не болған?! Жергілікті әкімдік назар аудармай отыр ма? Әлде бақылаудың жоқтығы ма? Керісінше, бұл аудандарда ұлттық спорт жақсы дамуы керек емес пе?! Мүмкін мамандар жеткіліксіз шығар, ә?!
– Мамандар жеткілікті,– деді Сергей Владимирович. – Тек қаржының тапшылығы ғой бәріне себеп. Әйтпесе, бұл аудандарда мамандар артып жығылады.
Мәжіліс соңында Архимед Мұхамбетов орынбасарлары мен қала, аудан әкімдері мен басқарма басшысына бұқаралық спортты дамытуға байланысты бірнеше тапсырма жүктеп, биылғы жылы облыстық «Тың» жазғы спартакиадасын Қостанай қаласында өткізуге ұсыныс жасады.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.