Юлия БАЙМАНОВА: “Қазақ келіні болу – ҮЛКЕН БАҚЫТ”
Бүгінде елімізде тал бойына қазаққа тән қасиеттерді сіңіріп қана қоймай, жұртымызға келін болып жүрген өзге ұлт өкілдері аз емес. Солардың бірі –балалық шағын қазақы ортада өткізіп, қазір үлкен отбасының кенже келіні болып отырған Юлия Байманова.
Ол ана тілімізде бар ойын еркін жеткізіп қана қоймай, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да бір кісідей меңгеріп алған. Осындай қасиеттерінің арқасында бір шаңырақтың берекесін келтіріп, қазақ отбасының сүйікті келіні болып отыр. Юлия ғұмырлық серігі Жандос екеуі жас та болса өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде аянбай еңбек етуде десек, қателесе қоймаспыз. Юлияның ұлты орыс болғанымен, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы Қаратал елді мекенінде туып-өскен. Төртінші сыныпқа дейін аудан орталығындағы орыс мектебінде білім алады. Кейін анасы Раиса Петровна оны Қаратал ауылындағы мектепке ауыстырады. Бұл жерде білімін қазақ тілінде жал-ғастыруға тура келді. Алайда өскен ортасы мен араласып жүрген достарының барлығы қазақтар болғандықтан жаңа мектепке тез үйреніп кетеді. Аз уақыттың ішінде қазақша еркін сөйлеп кеткенін өзі де аңғармай қалыпты. Кейін оған дарқан мінезді қазақтай халыққа келін болу бақыты бұйырды. Бүрмелі көйлек киіп, қазақы дәстүрмен бір отбасына келін болып түсті. Сөйтіп, ол көрші-қолаң, туыс-туғандардың арасында "Юлия келін" атанып кетті.
– Әрине, қалың қазақ ортасында өссе де, дәл осы елдің азаматымен шаңырақ көтерем деп кім ойлаған?! Бұл тағдырдың бұйрығы ғой. Екеуміз де бір ауылдың тұрғынымыз. Әрі Қаратал орта мектебінің түлектеріміз. Бір қызығы, бұған дейін ауылда бір-бірімізді мүлдем байқамаппыз да. Студенттік кезде қалада жүріп таныстық. Осы таныс-тықтың арты үлкен сезімге ұласып, қазір бір үйдің адамы болып отырмыз. Қазақтың арыстай азаматы келіп, көңілін білдіргенде біраз тол-қығаным рас. Өйткені отбасы заңдылықтары мен әрі бір үйдің кенже келіні атану үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Бірақ екеуміздің арамыздағы сүйіспеншілік пен ыстық сезім бәрін жеңіп шықты. Біздің махаббатымызға ешкім де қарсылық білдірген жоқ. Ата-аналарымыз "балаларымыздың таңдауына еш қарсылығымыз жоқ" деп, ақ баталарын берді. "Қазақтың келіні болып барасың. Жарыңа құрмет қыл, еңсесін түсірме, ата-енеңді құрметте, бай тілі мен салт-дәстүріне бекем ұстануға тырыс" деп анам да өз ықтиярын білдірді. Қазақ "жас келін аяғынан" деп жатады. Қазақ келіні болу дегеніміз ең бірінші – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден басталады екен. Әлі күнге дейін сол ізетке сызат түсірген емеспін. Шүкір, оған адал жарым да, ата-енем де дән риза, – дейді Юлия Байманова бізбен әңгімелескенде.
Юлияның бағына орай ата-енесі де өте тәжірибелі, парасатты жандар болып шықты. Олар сүйікті келіндері табалдырықтан аттаған күннен бастап, Юлияны өз қыздарындай көріп, бар білгенін үйретуде. Ұлтың басқа демеді.
Енесі Роза Жеңісқызы аудан орталығындағы "Балауса" балабақшасының тәрбиешісі. Расында, осы Баймановтар жанұясында нағыз ене мен келін арасындағы ұлтқа тән ерекше сыйластықты байқайсың.
– Ол кісі үнемі Адам сабырлы, шыдамды болса, кез келген қиын-дыққа төтеп беруге болады" деп айтып отырады. Әрине, өмір болған соң, отбасы болған соң түсініспеушіліктер болып тұрады. Ондай кезде жарым әрқашан қасымнан табылып, сүйеу бола біледі. Кейде жұрт сұрап жатады: "тілің, дінің басқа, дастарқан басында, салт-дәстүрді қалай ұстанасыңдар?" деп. Ұлтым орыс болса да жарым деп жүрегін ұсынған азаматтың еліне, тіліне, салтына үлкен құрметпен қараймын. Босағадан аттағалы бері басымнан орамал тастаған емеспін. Ұлттық салт-дәстүрді құрметтеймін. Қазір осындай асыл қасиеттерді балаларымның да санасына сіңіріп жатырмын. Ата-енені қадірлей білумен қатар, әрдайым оларға немере сүйдіру де бала мен келіннің парызы деп білемін. Дастарқан басынан бата жасап, қол жаймай тұрып кетпеу керек деген қағиданы да берік ұстанамын. Бәрін де ақылмен, сабырмен, кең дастар-қан басында бірлесіп отырып шешеміз. Ғұмырлық серігім Жандос екеуміз некемізді шариғат жолымен мешітте қидырдық. Ұлымыздың атын да қазақша Жалғас деп қойдық. Бүгінде ол әжесі жұмыс істейтін балабақшаға барып жүр" дейді ақжарма көңілімен ешкімді жат санамайтын қазақ келіні.
Юлияның айтуынша, қандай жағдай болмасын қиындықтан шығудың жолын отбасымен бірлесе қарастыруға болады. Ол отбасында әр мерекені атап өтуге ерекше мән береді. Әсіресе, Ораза, Құрбан айт, Ұлыстың ұлы күні – Нау-рыз мерекесін бұл отбасы айрықша атап, айналасын шаттыққа бөлесе, Масленница, Пасха секілді христиан күнтізбесіндегі мерекелерде өз туған-туыстарын телефон арқылы қоңырау шалып құттықтауды ұмыт қалдырмайды. Ол аздай жұ-мыстағы әріптестері де мерекеде "Юлия бауырсақ, құймақ пісіріп әкеледі" деп күтіп отыратыны тағы бар.
Юлия Байманова Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетінде қазақ тілі және әдебиеті мамандығын бітірген. Қазіргі уақытта аудандық білім бөлімінде қазақ тілі мен әдебиет пәндері бойынша әдіскер болып қызмет атқарады. Ал жары Жандос – Қостанай педагогикалық колледжінің түлегі. Қазір Меңдіқара ауданының орталығындағы күзет фирмасында қызмет етуде. Жастайынан ауылдың қайнаған тірлігін көріп өскен ерлі-зайыптылар туған өлкесінен облыс орталығына қоныс аудару туралы ойланбапты да. Қайта "ауылда жұмыс жоқ" деп қалаға ағылған жастарға сын көзбен қарайды. Оны біз отағасы Жандостың мынау пікірінен айқын аңғардық. "Ауылда жұмыс жоқ" деген бос сөз. Еңбек етіп, отбасын асыраймын деген адамға бұл жерден де екі қолға бір күрек табылады. Қазір Елбасы да жас-тарға ерекше көңіл бөлуде. Өз кәсібіңді ашам дегендерге жол қашанда ашық. Қолданысқа енген түрлі бағдарламалардың шарапатын көріп, өз шаруаларын дөңгелетіп отырған достарым мен құр-дастарым баршылық. Өзім де болашақта бір кәсіптің көзін тауып, жемісін жесем бе деген ойда жүрмін" дейді ол.
Мешіт Ғазиз.
Керемет