Біздің майдангер ағаларымыз
Ол – журналист, жазушы, ғалым Сапабек Әсіп
Сәкең Аманкелді ауданы Алакөл ауылында 1925 жылы дүниеге келген. Бала көзімен көргендерін, көңілге түйгендерін кейде өлеңмен, кейде қара сөз-бен жазып жүретінін білген ау-дандық «Социалистік шаруа» газетінің редакторы Кәрім Жайлаубаев 1942 жылдың күзінде редакцияға қызметке алады. Төрт айдан соң 1943 жылдың 7 қаңтарында Қызыл Армия қатарына шақырылады. Әскери дайындықтан өтіп, ұрысқа енді кіремін деп жүргенде денсаулығы сыр беріп, тамыз айында елге қайтады.
1944 жылы тамызда колхоз кірешілерінің бірі болып, Қостанайға келеді де «Большевиктік жол» газетіне «Қазығұлда» деген суреттемесін бастырады. Редакцияның жауапты хатшысы Көбен Қожагелдин мен бөлім меңгерушісі Сырбай Мәуленов суреттемені ұнатып, авторын редактор Хайыржан Бекхожинге апарып таныстырады. Жұмысқа алу жөнінде ұсыныс жасайды. Сөйтіп Сәкең облыстық газеттің әдеби қызметкері болып шыға келеді.
1954 жылы ол осы газеттің Аманкелді, Торғай, Семиозер аудандары бойынша меншікті тілшісі болады, 1958 жылы Жанкелдин аудандық «Социалистік ауыл» газетінің редакторы болып бекітіледі. 1959-1963 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқып, білім алады.
Ағамыз біз редакцияға қызметке келгенде сол кездегі «Коммунизм таңы» газеті редакторының орынбасары болатын. Көсілтіп жазатын, оның қаламынан шыққан әр туынды ерекше төгіліп тұрушы еді. Қызығатынбыз. Ағамыз редакцияға жаңа келген жастарды жатсынбай ішке тартатын.
Әлі есімде, 1967 жылы студент кезімде осы газет редак-циясында өндірістік тәжірибеден өтіп, оқуға аттанарда осы Сәкең машинкаға басылған үш беттік мінездеме жазып беріп еді. Университеттегі кураторымыз Әбілфайыз Ыдырысов сол мінездемені оқып, «Қасаң құ-жатты Сәкең ғана осылайша түрлендіре алады» деп ерекше риза болғаны есте
1972 жылы шілдеде ағамыз Алматыға қызметке Қазақ энциклопедиясы бас редакциясының шақыруымен барды. Кейін 1973 жылы «Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың поэтикалық әле-мі» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғады. Жетек-шісі – академик, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин еді.
1974 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының төралқасы Сапабек Әсіповты 1974 жылдың күзінде Қазақ Совет энциклопедиясы Бас редакторының бірін-ші орынбасарлығына жоғарлатты. Ал Бас редактор академик Мұхамеджан Қаратаев болатын.
Біздің ағамыз осы он екі томдық сүбелі еңбекті шығаруға қосқан белсенді еңбегі үшін Қа-зақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құр-мет грамотасымен марапатталды.
Сапабек Әсіп – Жазушылар одағының мүшесі, оннан астам елге кеңінен тараған кітаптардың авторы. Солардың ішінде Қазақ елі, қазақ жері туралы жазған публицистикалық баяндарының орны тым ерекше.
Бүгіндер Алматы шаһарында тұрып жатқан ардагер ағаны Ұлы Жеңіс күнімен құттықтауға қуаныштымыз.
Жасай беріңіз, жақсы аға!
Ол – журналист, жыршы, термеші Қасымхан Алдабергенов
Осыдан сексен жыл бұрын Жітіқара ауданы Шілікті ауылынан келген қаршадай бала облыс орталығы Қостанай шаһарының зәулім залдарының бі-рінде тамылжыта ән шырқап тұрды. Бұл мектеп оқушылары көркемөнерпаздары ұжымдарының қорытынды концерті еді. Сол бала, енді, бір жылда тоқсанға келетін Қасымхан Алдабергенов ағамыз еді. Ол 1941 жылы тағы да осындай байқауға жүргелі тұрғанда соғыс басталды. Ал, қан майданның қызып тұрған 1943 жылы ол Отан қор-ғауға аттанды. Содан тек туған жер төсіне 1950 жылы оралды. ІІ және ІІІ Украин майданы әуе-десант бөлімі құрамында талай кескілескен ұрыстарға кірді. Әскери шені – аға старшина.
Бала жастан қанына сіңген өнерге деген құштарлық жан беріп, жан алысқан шайқастардан қолы қалт еткенде менмұндалап шыға келетін. Әуелете ән салып, жауынгер жолдастарының жігерін жанитын.
Елге оралысымен ұстаздық етті. Ақындар айтысына қатысты. 1959-1979 жылдары облыста алты рет ақындар айтысы өт-кен екен. Халқымыздың осынау ғажайып өнерін жете меңгерген ол Жітіқара ауданы атынан сайысқа шығып, алты айтыстың төртеуінде бірінші орынды же-ңіп алыпты. 1961 жылы өткен Тың өлкелік айтыс туралы сол кездегі Одақтың бас газеті «Правда» арнайы мақала басып, «Победителем айтыса вышел сельский учитель Касымхан Алдабергенов из Джетыгаринского района» деп Қасекеңнің есімін жалғанның жалпағына жария етті.
Қасекең ұзақ жылдар бойы осы «Қостанай таңы» газетінің меншікті тілшісі болып қызмет істеді. Алдымен Ұзынкөл, Меңдіқара аудандарында, кейін Әу-лиекөл, Науырзым аудандарында еңбек етті. Сөйтіп Қасекең облыс өмірінің шежіресін жазды. Өлең де жазды, ән де шығарды, айтыстарға да қатысты. Тіпті Алматыға барып, Қазақ теледидарынан Абайдың «Ескендір», «Масғұт» поэмаларын жырлады. Түркістанда өткен республикалық «Батаменен ел көгерер» байқауына қатысып, бүкіл облыстардан келген пайғамбар жасынан асқан тұстастары ішінен үшінші жүлделі орынға шығып, мерейі тасыды. Облыста тұңғыш ұйымдастырылған жыршы, термешілер байқауына төрелік етіп, жас таланттарды қанаттандырды. Былтыр Қазақ радиосынан екі күн бойы жыр төкті.
Ұлы Жеңістің 55 жылдық мерекесінде майдангер аға Астана төрінде өткен Жеңіс шеруіне қатысты, кейін де Астанада, Алматыда өткен талай патриоттық акциялардың бел ортасында жадырай күліп қарт жауынгер жүрді.
Ағамыз жастарға патриоттық тәрбие беру ісіндегі ерекше еңбегі үшін тәуелсіз Қазақстанның «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталды. Ал қан майдандағы ерлігі үшін алған жауынгерлік марапаттары да бір төбе.
Қатардағы Қасекең өзінің 85 жылдық мерейтойына «Думанды дәурен» атты екі томдық кітап шығарып, жас ұрпаққа аса қа-жетті жауһар жәдігер ұсынды. Сол туындыға алғысөз жазып, ризашылық көңілімді білдірген едім. Бүгін енді Ұлы Жеңіс күні қарсаңында қас батыр Қасымхан ағаны өзінің «Қостанай таңы» атынан құттықтауға қуаныштымын!
Жасай беріңіз, жақсы аға!
Сәлім
МЕҢДІБАЙ