Сайлаудан күтеріміз көп
Елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтуде. Сайлау учаскелеріне дауыс беруге келген қостанайлықтар өз ойларымен бөлісті.
-«Елімізді өрге сүйрейтін, жағдайымызды жақсартатын, бірлік пен ынтымақты нығайтатын, тыныштықты сақтайтын тұлға деген сеніммен өз дауысымды бердім. Мемлекетіміздің болашағының жарқын болуына өз дауысыммен үлес қосамын деп ойлаймын», – дейді қала тұрғыны Досымжан Бариев.
«Әр сайлау сайын дауыс беріп келе жатырмын. Ешқашан қалған емеспін. Болашаққа жақсы үмітпен қараймын. Біздің жасымыз үлкейді. Еліміздің болашағы жастардың қамын ойлайтын басшы тағайындалса болғаны. Өз басым сондай ниетпен дауыс беремін», – деді Лидия Николаевна.
№23 учаскелік сайлау учаскесінің төрағасы Бақытжамал Рахметқалиеваның айтуынша, сайлаушылардың белсенділігі қарқынды жүріп жатыр.
-«Дауыс беру үшін бүгін таңғы 5-тен бастап сайлау учаскесі өз жұмысын бастады.Сағат 7:00-де Әнұран айтылып, есігімізді айқара ашқан сәтте сайлаушылар біртіндеп жиналды. Сайлау комиссиясының мүшелері де уақытылы келіп, құжаттарды қолдарына алып халықпен жұмыс жасауда.Сондай-ақ, кәмелет жасына толғандар да , өз дауысын беріп сыйлықтарын алып жатыр. Сайлаушылардың белсенділігі кешке дейін өте жоғары болады деп ойлап отырмыз. Өйткені, дауыс берушілердің қарасы көп», – дейді Рахметқалиева Бақытжамал.
Әсел ҚИБАШ
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев