Өңір басшысы дауыс берді
Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің сайлау науқанында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай қаласындағы №1 мектеп-гимназиядағы сайлау учаскесінде таңдауын жасаған соң тілшілерге сұқбат берді. Өңір басшысы жергілікті атқарушы биліктің сайлауалды бірқатар шараларды жүзеге асырғанын жеткізді. Облысымызда 782 сайлау учаскесі уақытында ашылған, оның 21-і жабық учаскелер. 1 мамырдан бастап халықаралық байқаушыларға арналған көмек көрсету орталығы жұмыс істейді.
– Бүгін 352 сайлау учаскесінде анықтамалық пунктер арнайы ашылып отыр. Ол өте ыңғайлы. Аймағымызда 580 мыңнан астам сайлаушы тізімде тұр. Тобыл-Торғай жұртшылығы бұған дейінгі президенттік, парламенттік сайлауларда жоғары белсенділік көрсетіп келді. Бүгін де сол жоғары деңгейде саяси науқанға атсалысады деген сенімім зор. Өңірімізде ауа райы қолайлы, барлық аудандар мен қалаларда көлікпен тасымалдау мәселесі шешілген. Осы тұрғыда сайлау әділ, заң бұзуларсыз өтеді деп сенімін, – деді аймақ басшысы.
Өңір әкімінің айтуынша, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы тарапынан келген бақылаушылар саны оннан асады, ал Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен келген бақылаушылар – жетеу. Бұлардан бөлек, барлық партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жұмылып отыр. Әр учаскеге 7-12 бақылаушыдан келеді.
Қ.Қиысхан,
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев.