Ана тілдің абыройын асқақтату үшін…
«Қазақтелеком» АҚ Қостанай облыстық телекомуникация дирекциясының ID-Centre орталығында «Халыққа қызмет көрсететін ұйымдарда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту» туралы дөңгелек үстел өтті. Бұл іс-шара алдағы Тілдер күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Айтулы жиынға облыс орталығындағы әлеумет игілігіне еңбек ететін ұжым қызметкерлері қатысты.Алдымен, қонақтар Қостанайдағы ID-Centre орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігмен танысып, адамзаттың алғаш қолданаған байланыс құралдары мен облыстың тарихына арналған мұражайды аралады. Оларға байланыс саласында елеулі қызмет атқарып, өріс алуына зор үлес қосқан тұлғалардың еңбек жолынан сыр шертті.
Кейін дөңгелек үстелде ой түйістірген азаматтар қазіргі таңдағы қазақ тілінің ауқымы жайында сөз қозғады. Жыл сайын облыс орталығында мемлекеттік тілде сөйлейтін азаматтар көбейіп келеді. Бірақ, кейбір коммуналдық мекемелер қазақ тілді тұтынушыларға лайықты қызмет көрсете алмайды. Бұл проблеманы шешуге облыстық тілдерді дамыту басқармасы бел буып отыр. Алқалы жиынға Қостанай энергетикалық орталығы, Жылуэнергетикалық компаниясы, «Қостанай Су» МКК, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ және Қазпошта өкілдері бой көрсетті. Мамандардың айтуы бойынша, аталған мекемелерде қызметкерлерді қазақ тіліне оқыту жұмыстары қолға алынған. Алдағы уақытта сол мамандардың алғашқы легі қызмет көрсете бастайтын болады.-Семинардың мақсаты – қызмет көрсету мекемелерінің сапасын арттыру. Әлеуметтік нысандар кез келген тұрғынға түсінікті тілде ақпарат беруі керек. Алдымен, қазақ тілі оқ бойы озық тұрған жөн. Бүгін «Қазақтелеком» АҚ-ның филиалымен бірігіп, мемелекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында осы басқосуды өткізіп отырмыз. Оның үстіне, бұл ұжымның көпке үлгі бола алатын тұстары да жетерлік. Мекеме қос тілді қатар меңгерген қызметкерлер санын көбейтіп келеді. Қазақ тілін оқыту үшін арнайы кабинет ашып, соның жемісін көріп отырған жайы бар. Басқа мекемелер де көрсін, білсін деп, осылардан үлгі алсын деген ниетте ұйымдасытырып жатырмыз,-дейді Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов.Қазіргі таңда қазақ тілін дамыту үшін жылуэнергетикалық компаниясында да арнайы курстар ашылған екен. Компания қызметкерлеріне мемлекеттік тілді үйретіп жүрген Гүлзия Қалымбетова да алқалы жиында өз ойымен бөлісті. Бұл істе тәжірибесі мол маман жиналғандарды қазақ тілге үйретудің жаңа жобаларымен таныстырды. Мысалы, курсқа келушілерді топ-топқа бөліп, олардың жұмыс орнына барып үйретеді. Аудармашының айтуынша, қазақ тілге 2 айдың ішінде меңгеруге болады.
Кенже ҚОНЫСБАЙ