Ештен кеш жақсы
Зейнеткерлер қазақ тілін үйренуге өздері ниет білдіріп, әкімдіктегі тілдерді оқыту орталығының көмегіне жүгінген. Игі бастаманы кеңестің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов те қос қолдап қолдады.
– Тіл үйрену ешқашан да кеш емес. Бір жағынан, орталықтың білікті мамандарына деген жұрттың көзқарасы жақсы. Мұнда жүздеген мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері мен кәсіпкерлер тілді емін-еркін меңгеріп алуға мүмкіндік алды, – дейді ол.
Ардагерлер партаға өткен жылдың желтоқсанында отырған болатын. Олар педагог Әсел Исмайылованың жетекшілігімен лексика мен грамматиканы үйреніп қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен тереңірек танысып, халық әндері мен ҚР мемлекеттік әнұранын жатқа айтты.
Енді, міне, қысқартылған курстың аяқталар уақыты да келіп жетті. Бүгін орталықта осы оқиғаға орай «Тілі бірдің – тілегі бір!» атты іс-шара ұйымдастырылып, «алтын жасты» ардагерлерге арнайы сертификаттар салтанатты түрде табысталды.
Қуаныш Есқабыл