Еске алып, рухтарына тағзым етті
31 мамыр – ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қазақстанда 100 мыңға жауық адам саяси қудалауға ұшырап, 25 мыңы жазықсыз жазаланып кетті. Соның ішінде Қостанай облысынан 4 мың адам саяси репрессия құрбанына айналған.
Стахан Еленов репрессияға ұшыраған азаматтың ұрпағы. Әкесі Нұрхан Еленов 1937 жылы Бейбет Майлиннің жақтасы болғаны үшін абақтыға қамалып, кейін ату жазасына кесілген. Сол кезде Стахан Еленов 2 жаста еді. Көп ұзамай қайғы-қасіреттен қабырғасы қайысқан анасы да көз жұмады. Саяси құғын-сүргін осылайша бір отбасының шаңырағын шайқалтады. Балалық шағын балалар үйінде өткізген Стахан ата тағдырдың тауқыметіне төзеді. Етінің тірілігінен жоғары білім алып, әскерге барып, ел қатарлы отбасын құрады. Қазір міне 3 ұл мен қыздан 9 немере сүйіп отыр.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысым шексіз. Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін белгілегені орынды. Өйткені болашақ ұрпақ елінің, халқының тарихын білуі тиіс. Енді мұндай қасіреттің ел басына тумауы үшін өз ұлтына жанашырлық танытып, Отанын сүю қажет. Мен немерелеріме осыны әрдайым айтып отырамын, – дейді Стахан Еленов.
Бүгін «Жеңіс» саябағындағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш алдында еске алу іс-шарасы өтті. Оған сол зұлым заманда жазықсыз жазаланған азаматтар ұрпақтары келді. Оқушылар мен студенттер де қатысты.
– Ашаршылық пен саяси репрессия қазақ халқына ауыр соққы болды. Үкімет тарапынан қысым көрген аталарымыз туған жерін тастап, Монғолия, Қытай, Иран және басқа да елдерге қоныс аударып кетті. Еліміз тәуелсіздік алып, бүгінде олардың ұрпақтары тарихи Отандарына қайта орала алатындай дәрежеге жеттік. Жазықсыз жазаланғандарды еске алу, рухтарына тағзым ету біздің және өскелең ұрпақтың міндеті, – деді жиынға қатысқан облыс әкімі Нұралы Садуақасов.
Еске алу жиынына қатысқан қауым бір минуттық үнсіздікпен қаза болғандар рухына тағзым етті. Одан кейін облыс әкімі бастаған топ ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Махаббат Бекбай
Суретті түсірген Қасқырбай Қойшыманов