ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙДІ
Облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен өткен селекторлық отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау саласында көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мәселесі талқыланды. Жиынға аталған сала басшылары, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері мен «Қостанай – адалдық алаңы» жобасы аясында жұмыс істеп жатқан үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Облыс тұрғындарына бір жылдың ішінде 3 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіледі екен. Оның тең жартысынан астамы денсаулық сақтау саласына тиесілі. Жиын барысында сала басшысы Вячеслав Дудник облыс орталығындағы №4 емханаға келушілерге қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Емхананың фойесі жаңартылып, арнайы фронт-кеңсе іске қосылған. Нәтижесінде дәрігер қабылдауына электронды түрде кезекке жазылу жүйесі жолға қойылған. Осылайша, емхананың қызмет көрсету деңгейі едәуір жақсарған.
«Қостанай облысының азаматтық альянсы» ҚҚ төрайымы Динара Өтебаева «Қостанай – адалдық алаңы» жобасының аясында денсаулық сақтау саласына жүргізілген қоғамдық бақылау нәтижелерін баян етті. Бақылау шараларының нәтижесінде 20 шақты заң бұзу дерегі анықталған. Қоғамдық қор жетекшісінің айтуынша, Таран ауданының орталық ауруханасында жүргізуші куәлігі сатылады. Аурухананың қабылдау бөліміне қоңырау шалып, медициналық анықтама сұраған «құпия сатып алушыға» аурухана қызметкері 60 мың теңгеге жүргізуші куәлігін сатып алуды ұсынған. Әрине өте қолайлы ұсыныс, медициналық тексерістен өтіп, жол ережесін жаттап, емтихан тапсырып әуіре болмайсың. «Көз қысып, бармақ басып» заң аттайсың да, бір жеті ішінде жүргізуші куәлігіне ие боласың.
Жиынға қатысушылар аудиотаспаға жазылып алынған «құпия сатып алушы» мен дәрігердің телефон сұқбатын тыңдады. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Салауат Мүксімов айтуынша, қоғамды жегі құрттай ірітетін мұндай жағдайлар аз кездеспейді. Сондықтан азаматтарға жүргізуші құжатын беріп, автокөлік нөмірлерін тіркейтін мамандандырылған қызмет көрсету орталықтары аудан орталықтарында да ашылуы тиіс. Бұл саладағы жемқорлық түбегейлі жойылу үшін тіркеу-емтихан қабылдау бөлімшелері жабылып, ол атқарып келген міндет мемлекеттік корпорацияға жүктелуі тиіс.
Қазірше Әулиекөл, Федоров аудандарының тұрғындары ғана Мемлекеттік корпорация арқылы жүргізуші куәлігі мен көлік нөмірін алып, автокөлігін тіркеуге қоя алады. Бұл мәселе Жітіқара, Қарабалық, Ұзынкөл аудандары мен Лисаков, Арқалық қалаларында шешілмей тұр. Облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов бұл бағытта әлі де қыруар шаруа атқару қажеттін айта келіп, аудан әкімдері мен мүдделі сала басшыларына тіркеу-емтихан қабылдау бөлімшелерін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының құзырына өткізу шарасын жеделдетуді тапсырды.
«Қостанай – адалдық алаңының» «құпия сатып алушылары» әлеуметтік желі арқылы ұсынылатын қызмет түрлеріне де сараптама жасаған. Нәтижесінде «ОЛХ», «ВКонтакте», «Инстаграмм» желілерінде дайын курстық және диплом жұмыстарын сататын 19 тұлға анықталған.
Нұрқанат Құлабаев