АЛАШТЫҢ АЛҒАШҚЫ АСТАНАСЫ
Орынбордан арнайы репортаж
Бүгінгі күні шет елдерде алты миллиондай қазақ бар болса, соның бір миллионға жуығы Ресей Федерациясында тұрады. Іргетасы 1735-ші жылы бекініс ретінде қаланған көне шаһар нешеме ғасыр өтсе де қазақ халқының тарихында мәңгі жазылмақ. Өйткені, бұл қалада 1917 жылы мемлекеттің қалыптасу тарихында маңызды орын алған І және ІІ жалпықазақ сьездері, 1920 жылы қазан айында Қазақ АКСР-нің тұңғыш кеңестерін бекіту съезі өтті. Тарихтан аяны – 1920-1925 жылдардағы Қазақтың бас қаласы. Жақында шежірегі бай өлкеде біз де болып қайттық.
Тарихтан тамыр тартқан
Көрші елдің шекарасына табан бастық дегенмен, Орынборға дейінгі жер-су атауларына қарасаң, өз еліңде жүргендейсің. Шілде мен Қарғалы маңындағы шөп шабушылар, Айдарлы мен Қамыстыда жайылып жүрген жылқылар нағыз қазақылықтың исін аңқытады. Сондай-ақ, Жоламансай, Аят, Құмақ өзендерінің бойынан өттік.
2007 жылы Ресейде тұңғыш "Ұлттық ауыл" аумағы салыныпты. Мұнда қазақ ауылынан бөлек, башқұрт, армян, беларусь, неміс, татар, украин үй-жайлары бой көтерді. Әрбір ауылда этникалық мейрамхана мен мұражай бар. Ал мұндағы қазақтар мекен еткен жер «Шаңырақ» деп аталады. Жергілікті халық қазақ елінен барған қандастарын құшақ жая қарсы алып, бауырына басты. Екі елдің өкілдері шұрқырасып табысты. Қалай дегенмен, қаны бір қазақ емеспіз бе?!
Алдымен, киіз үйге кірдік. Әдеттегідей, іші тұс киіз, сырмақ, құрақ көрпе, басқұр, уық баулар, қазақы оюмен өрнектелген жастықтар мен кесте-орамал, қоржын, кебежемен көмкерілген. Төрде жоғарыға ілінген домбыра мен аң терілері, тұрмыс бұйымдарынан самауырын, келі, келсап, саптыаяқ, торсық, тұтқыш, ағаш саба мен ожауды көресіз. Осындағы қазақ қауымдастығының басшысы, Орынбор облысы халықтары ассамблеясы кеңесінің мүшесі Жәнібек Иткөзов жергілікті қазақтардың ынтымақтастығы, этностар мәдениеті мен ана тілді сақтаудағы жұмыстары туралы әңгімеледі.
– Ресейдегі қандастарымыз қазақтың тарихы мен ұлттық құндылықтарын өте жоғары бағалайды. Олар ата-бабаларымыздан қалған бай мұраны сақтап қана қоймай, оны өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап, жеткізуге тырысуда. Жалпы, Орынбор өңірінде тұратын қазақтардың бір-бірімен араласып, ата салтын жаңғыртып тұрудың бір көрінісін қаланың көрікті аймағында ашылған ұлттық ауылдан байқауға болады, – деді Жәнібек Иткөзов. – Алаш зиялыларының ізі қалған тарихи өңірде 125 мыңға жуық қазақ тұрады. Соңғы жылдары ауылдан қалаға қоныс аударушылар саны артқан. Дегенмен, тіл – Ресейде тұратын ағайындарды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі.
Бүгінде Орынбор облысы бойынша 50-ге тарта мектепте қазақ тілі қосымша пән ретінде өткізіліп тұрады екен. Алайда, жергілікті тұрғындардың пайымдауынша, ана тілін үйренуге тілек білдірушілер санының көптігіне байланысты бұл аздық етеді. Сондықтан қазақ тілін сақтап, тарихымыз бен мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды насихаттау мақсатында 1989-шы жылы алғаш рет қазақ ұлттық қоғамы құрылды. Бүгінде мұндай ұйымдар саны 17-ге жетіпті. Олардың барлығы "Орынбор қазақтарының қауымдастығына" қарайды.
Салынғандарына бір ғасырға жуықтаса да бүгінгі күнге дейін сақталған әр ғимарат сол тарихи кезеңнен сыр шертіп тұрғандай. Көне қаланың көп өзгере қоймаған бөлігінде келе жатып, көз алдыңызға сол көшелермен Алаш арыстарының алшаң басып жүріп келе жатқанын сөзсіз елестеткіңіз келер еді… Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үй, бүкілқазақтық съез өткен және тұңғыш қазақ үкіметі 5 жыл бойына қызмет еткен ғимараттар әлі бар. Алаш қайраткерлерінің көбі тұрған Яицкая көшесіндегі 7-ші үй де сол қалпында сақталыпты. Айтпақшы, үстіміздегі жылы Орынбор орталығындағы Ахаң тұрған үйге және бүкілқазақтық тұңғыш 1-2 съездері өткен ғимараттарға мемориал тақта орнатылды. Жалпы, қазақ пен орыс халқының көп ғасырлық қарым-қатынастарында Орынбор қаласының алар орны ерекше. Осы қалада Қазақстан тарихының жарқын беттері жазылды. Орынбор патша билігінің қудалауына ұшыраған қазақтың ұлттық қайраткерлеріне пана болды, осында ұлт бостандығы үшін қазақ халқының интелегенциясы қажырлы еңбек етті.
Ресейде тұрып жатқан қандастарымыз арасында қазақтың көне әңгімелерін білетін ақсақалдар да жетерлік. Солардың бірі – Саматбек ағамызды біз тоқтаған қонақ үй маңынан жолықтырдық. Сәкең жақында Қазақстаннан келген бір топ туыстарын Әбілқайырдың әйелі Бопай ханымның моласының басына апарыпты. Осы жақта, Орынбор облысының аумағында жатыр. Ертеректе бұл жерге Әбіш Кекілбаев та келіп кетіпті. Жұрт ол жерді «Бопай моласы» деп атайды екен. Саматбек ағамыз жол түсіп, Қостанайға келген соң небір хикаяның тиегін ағытамын деп уәде етті.
Орны бөлек отырыс
Қазіргі таңда Орынборда ҚР-ның 1500 азаматы білім алуда. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында ҚХА арнайы кафедралары іске қосылып жатыр. Ол жерде түрлі ұлт өкілдерінің жан-жақты проблемалары мен түрлі атқарылып жатқан шаралары талқыланатын болады. Сондай-ақ, жыл сайын облыста этномәдени орталықтар түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырып отырады. Орынбордың өзінде ғана 126 ұлт өкілі бар. Ал, қазақтар бұл облыста халық саны жағынан 3-орында тұр.
Іссапардың екінші күні Орынбор орталығында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тірек тақырып – «Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы әріптестік». Жиынды Орынбор облысының вице-губернаторы Дмитрий Кулагин ашып, қос мемлекеттің сан жылғы байланысына, ынтымақтастығына тоқталды.
Шараны жүргізіп отырған Ресей халқы ассамблеясы кеңесі төрағасының орынбасары Веналий Амелин:
– Орынбор облысы – Қазақстан мен Ресей арасын жақындататын алып көпір. Біз қазіргі Қазақстанның гүлдеп, көркейіп отырғанын көріп қуанамыз. Екі елдің шекаралас аймақтарында интеграциялық байланыстарды нығайту үшін түрлі тақырыпта бірнеше отырыстар ұйымдастырылды, – деді.
Сондай-ақ, тарих ғылымының докторы осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ресей халық ассамблеясының арасында арнайы келісімге қол қойылғандығын да атап өтті.
Евразиялық интеграциялық жобаның шекаралас аймақтарда қабылдануы жөнінде әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, профессор Жанділдә Мақанов баяндама жасады.
– Өзара ынтымақтастық пен басқа халықтардың мәдениетіне, тіліне және дәстүріне құрмет көрсетудің, олардың құқықтық ерекшеліктерін сыйлау мен қамтамасыз етудің тәжірибесі біздің елімізде бар. «Қостанай таңы» газетінің әлеуметтік зерттеу орталығының мамандары Қостанай облысындағы түрлі этностар арасындағы қарым-қатынас жағдайларын зерттейді. Сауалнамалар жүргізеді. Солардың нәтижесіне сүйенсек, әр этностың бір-бірімен ынтымақта, бірлікте өмір сүріп жатқандығын көрсетеді, – дегенге тоқталды ғалым.
Айта кетейік, күні бұрын Жанділдә Қожахметұлы басқаратын «Қостанай қызмет көрсету колледжі» мен Татьяна Мальгина басшылық ететін «Орынбор сервис колледжі» өзара әріптестік туралы келісім-шартқа қол қойды. Бұл қос ұжымның алдағы уақытта кадр даярлау ісі бойынша тәжірибе алмасуына үлкен ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Орынбор қазақтарының үні
Мұндағы қазақтар қауымдастығының бастамасымен сонау 1991 жылы «Айқап» (кейін «Жаңа Айқап») газеті ашылды. Алғашқы шығарушысы – Аяған Нұрманов. Түрлі қиыншылыққа байланысты газет 2006 жылы уақытша жабылды.
Жергілікті биліктің қаржылай қолдауымен, қазақ және орыс тілдерінде шығатын осы басылым жақында 25 жылдығын атап өтті. «Жаңа Айқап» қоғамдық және саяси жаңалықтардан хабардар етіп, айына екі рет 1500 данамен шығып тұрады. «Көпұлтты Орынбор» айдарымен аймақтағы әр ұлттың мәдени өміріндегі оқиғаларынан хабар таратады. «Ресейдегі қазақтар» айдарында өзге аймақтардағы автономиялары, қоғамдастықтары мен қазақ орталықтарының қызметтері хақында баяндалды. Қазақ әндері, балалар және әдебиет беттері, «Салт-дәстүр», «Тарих» сынды айдарлары көпшіліктің қызығушылығын оятты. 2009 жылдан бастап студенттер мен спортшылар, жас мамандар туралы жазыла бастады.
Адамның азамат ретінде рухани жағынан қалыптасып, ана тілінде сөйлеп, сол тілде оқуына мүмкіндік туғызу оңай шаруа емес. Арада өткен 25 жыл редакция ұжымына өзінің шеберлігі мен кәсібилігін шыңдауына, оқырмандарының сеніміне ие болуына ақпарат айдынындағы әріптестері арасында құрмет пен беделге жетуіне мүмкіндік берді.
Көрші елде тұратын ағайындардың көпшілігі Қазақстанда туып-өспесе де ата-бабаларының кіндік қаны тамған жерді қадыр тұтады. Бүгінде олардың қатарында көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, зиялы азаматтар жетерлік. Ресейдегі қазақтар қашан да ұлтымыздың асыл қасиеттерін ардақтап, Атамекенге деген ыстық сезімдерін жоғалтпақ емес.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ