Діни сауаттылықты арттыру
Бүгінгі таңда өңіріміздің колледждері мен ЖОО-ларында діни экстремизм қаупінің алдын алуды насихаттайтын елуден астам топ бар. Олар аймақтағы аудандардың түкпірлеріне дейін барып, халыққа үгіт жұмыстарын жүргізеді.
Алайда, өңірімізде жастар арасында діни сауатсыздық көрінісі әлі де жоқ емес. Осы мәселені шешудің тағы бір шарасы ретінде А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ-де «Діни экстремизмнің алдын алу: тәжірибе мен проблемалары» атаумен оқыту семинары өтті. Оған Қостанай және Қарағанды облыстарының Дін істері басқармаларының басшылары Н.Нөгербеков пен К.Нүркенов, «Деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қауымдастығының төрайымы Ю.Денисенко қатысты.
Негізгі тақырып пен оның мақсаты да айқын – студенттер арасында радикалды діни идеологияның таралып кетпеуі, өңіріміздегі колледждер мен ЖОО-дағы діни экстремизм қаупінің алдын алуды насихаттайтын топтардың білім деңгейін арттыру.
Науырзым ауданындағы ауыл шаруашылық колледжінің тарих пәнінің оқытушысы Е.Терекбаев жас болса да, былтырдан бері үгіт-насихат тобына мүше болыпты. Өзі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. «Діни секталардан қауіп тек үлкен облыс орталықтарында деу қате пікір. Әсіресе, жастардың санасын улағысы келетіндер өңірлердің шалғай елді мекендеріне дейін баруға дайын. Сол себепті біз кейінгі буынды осындай қауіптердің алдын алуға бар білгенімізді үйретуіміз керек. Ал бүгінгідей семинарлар мен арнайы дәрістерден тәжірибе жинақтап қайтамыз» дейді жас маман.
Қазір облыстық Дін істері басқармасы қоғамдағы кез келген діни мәселенің түйінін шешіп беруге қажырын жұмсап отыр. Егер 114 нөміріне қоңырау шалсаңыз, тұрақты желіде барлық сұрақтарыңызға жауап ала аласыз.
Шұға Қоңқабай