Бағдарламаларды қаржыландыру басталды
Мемлекеттік бағдарламалардың операторы «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысады. 2018 жылы осы бағдарламаның аясында жалпы сомасы 2050,1 млн теңгеге 681 жоба қаржыландырылған. Соның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында 350 адам 903 млн теңгеге қаражат алған.
Биыл шамамен 500-дей адамға несие берілмек. Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында тағы да 180 адамға 500 млн теңге несие беру қарастырылған.
-Бағдарламаға жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, кәсібін жаңадан бастағандар, ауыл шаруашылығы кооперативтері «Бастау Бизнес» стартап-жобалардың иелері қатыса алады. Несиелеу шарттары қарапайым. Несиелер әр түрлі мақсаттарға жылдық 6% сыйақы мөлшерлемесімен беріледі. Кредиттік өнімге байланысты кезең ұзақтығы өзгеріп тұрады. Осы жылға қаржыландырудың негізгі бағыттары – мемлекеттік бағдарлама аясындағы «Игілік», «Ынтымақ», «Кәсіпкер» және «Егінжай» несиелік өнімдер мен өнімді жұмыспен қамту, сол арқылы бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту, – деді «АШҚҚҚ»АҚ Қостанай филиалының директоры Марат Салықбаев.
Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарлама аясында агроөнеркәсіптік кешенді дамту бойынша «Ырыс» және «Сыбаға» несиелеу бағдарламалары бар.
«Игілік» а/ш жануарларды және азықты алуға бағытталған несие сомасы – 4 млн теңгеге дейін, несиелеу мерзімі – 6,5 жыл. «Егінжай» көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын өткізуге бағытталған несие сомасы – 6 млн теңгеге дейін. «Кәсіпкер» кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған несие сомасы – 6 млн теңгеге дейін. 5 жыл мерзімге беріледі, ал жеңіл кезең 12 айдан көп емес. Ал «Ынтымақ» бойынша 6,5 жыл мерзімімен 12 млн теңгеге дейін беріледі. «Сыбаға» арқылы мал бастарын сатып алуға 14%-бен 15 жылға 82 млн теңге қордың өз қаражаттарынан және 12 млн теңге «Еңбек» бағдарламасының тарапынан қаржыланады. «Бірлік» арқылы сүтті қабылдау бекеттерін құру және дамыту бойынша несиелеу мерзімі 6,5 жылға дейін.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен несиелер әртүрлі мақсаттарға жылдың 6%-дық сыйақы мөлшерлемесімен беріледі.
Қазіргі уақытта өтініштер қабылдау жүріп жатыр. Бағдарлама бойынша жеңілдетілген кезеңге ілігу үшін ауыл тұрғындары аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. Әрі қарай ол кәсіп негіздері бойынша дәріс алады. Сертификат алған соң ол жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өтеді де, аудандық жұмыспен қамту орталығынан несие алуға жолдама алады.
Әсел ҚИБАШ