Еңбек Ерінің ескерткіші (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Қостанайда Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте «Ленин» орденінің және КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, КОКП XXV, XXVІ, XXVІІ съездерінің делегаты, Қостанай қаласының және Қостанай облысының құрметті азаматы, аты аңызға айналған механизатор Кәмшат Дөненбаеваға арналып ескерткіш-бюст ашылды. Даңқты қайраткердің тұлғалы мүсіні өзінің есімі иеленген (К.Дөненбаева) көшедегі жаңадан салынған Жастар сарайының сыртында бой көтеріп отыр.
19 жасында трактор тізгініне отырған Кәмшат Байғазықызы аудан, облыс, республика, КСРО жарыстарында оза жүріп, 1972 жылы Ленин Орденімен алғаш рет марапатталды. Әсіресе, 1975 жылы Мәскеуде КОКП ХХV съезінде «Мен қарапайым шаруаның қызымын…» деп басталатын баяндамасы төрткүл дүниеге лезде тарап жатты. Социалистік Еңбек Ері атағымен бірге екінші мәрте Ленин Ордені берілген 1975 жыл даңқты механизаторға Қостанай халқына ғана емес, жалпы, қазақ, сол кездегі кеңестік елдер үшін зор абырой болғаны анық. Сондай-ақ, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына үш мәрте сайланып, 15 жыл отыруы да қайталанбас жайт.
Міне, осындай жылы лебіздерімен құттықтау айтқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Батыр Ананың есімі әрдайым жадымызда болып, біртуар тұлғаға көрсетілер құрмет таусылмайтынын жеткізді.
Қыдырбек Қиысхан
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев