Әулетімен әуестенеді
Сарыкөл ауданында тұратын көп балалы Абросимовтер отбасы әулетімен кәсіпкерлікпен айналысуды жөн санапты.
«Бастау» жобасы бойынша білімін жетілдірген Екатерина Абросимова жақында шағын кондитер цехын ашты. Енді оның қызы да кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып қоймай, омарташылықты қолға алыпты.
Төрт баланың анасы – Екатерина Абросимова үй-ішіндегілерге ылғи тәтті тоқаштар пісіріп беретін.Оның жасаған тортының дәмін көршілері мен достары «ауыздарынан суы құрып» айтып береді. Кәсіпкер бұған дейін кондитерлік өнімдерді дайындауға шағын ғана ас үйді пайдаланып келген. Кәсібін кеңейтейін десе қаржы қолбайлау. Ойласа келе «Бастау» жобасына қатысуды жөн көріпті. Мемлекет грантын ұтып алған кәсіпкер келіншек бөлек үй-жайды жалға алып, арнайы қондырғылар сатып алды.
Кристина Абросимова да мемлекет көмегінің арқасында жаңа кәсіп бастауға бел буып отыр. Ол «Еңбек» бағдарламасы бойынша 3 млн теңге несие алып, оған 100 шақты бал арасын сатып алды.
-Бұл маған үлкен көмек болды. Несиенің проценттік мөлшері өте төмен, ал оны өтеу мерзімі кез келген жас кәсіпкерге ыңғайлы. Өнімдеріміздің жартысын аудан орталығындағы дүкендерге өткіземіз, жартысын көтерме бағамен сатамыз. Омартаны әзірге жалға алдым, бірақ, биыл сатып алатын шығармын. Сол пайдалырақ,-дейді жас кәсіпкер.
Екатеринаның да, Кристинаның да болашаққа түзген жоспары ауқымды. Дегенмен, олар кәсіптері жайлы көп сыр аша қоймады. Әлбетте, бизнес бақыт сияқты, тыныштықты қалайды емес пе!
Әлібек ЫБЫРАЙ