Кәсіпкерлер базынасы тыңдалды
Шалғай аудандардағы кәсіпкерлер тауардың шығу сертификатын алу үшін облыс орталығына баруға мәжбүр. Қарабалық ауданындағы «Терра» ЖШС басшысы Дәулет Ахметқалиевтің айтуынша, аудан облыс орталығынан қашық орналасқандықтан тауар сертификатын алу қиынға соғады.
– «Терра» өнімдері Қостанай облысы мен Астананың сауда алаңдарын қамтып, Ресейге экспортталады. Серіктестік базасында 8000 ІҚМ арналған бордақылау алаңы құрылған. Бізден шығатын ет өнімдері барлық технологиялық нормаға сай. Алайда, қазір бізге сырт елге тауар тасымалдау үшін біраз уақыт кетеді. Сол аралықта еттің бұзылып кету қаупі де жоқ емес. Мәселен, Кеден одағына мүше мемлекеттердің ет өнімдерінің нарығындағы ережелері бойынша негізгі тауарға ілеспе құжаттар керек. Қарапайым тауардың шығу сертификатын алу үшін Қарабалықтан Қостанай қаласына келуге мәжбүрміз. Екі елді мекеннің арақашықтығы 140 шақырым екенін ескерсек, бізге түсетін шығын да соншалықты көп, – дейді Дәулет Ахметқалиев.
Дәл осы мәселені «Промбаза 7» ЖШС директоры Мұхамеджан Акулов та қозғады. Оның сөзінше, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан алынатын тауар сертификаты үшін екі есе шығындалуға тура келеді.
– Біз өсімдік майын Қытай мен Ресейге экспорттаймыз. Мен басқаратын кәсіпорын шекарада құжат рәсімдеу кезінде біраз қиындықтарға тап болады. Бұған қоса «Атамекен» ҰКП-нан СТ-1 тауардың шығу серификатын алу үшін бірнеше құжат дайындауға тура келеді. Сондай-ақ, тауар тиелген әрбір вагон немесе цистерна үшін 10 мың теңге төлейміз. Бұл әлдеқайда үлкен шығындарға әкеп соғады, – дейді Акулов.
Тауар сертификатын алудағы қиындықтарды айтқан кәсіпкерлер «бір терезе» қағидасын енгізуді сұрайды.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ