“Несие беруші” тақырға отырды
Ақмола облысының полицейлері интернет арқылы алаяқтық жасаған Қостанай тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Көкшетау қаласы тұрғынының арызынан кейін 18 мамыр күні облыс аумағында интернет-алаяқтық жасаған Қостанай облысының тұрғыны ұсталды. 22 жастағы алаяқтың арбауына түскен әйел «Qiwi Кошелек» арқылы 30 мың теңге ақшаны аударып жіберген. Белгілі болғандай, күдікті OLX.kz сайтына несие тарихы нашар тұлғаларға несие рәсімдеуге көмектесетіні туралы жарнама орналастырып, телефон нөмірін қалдырған. Күдікті өзін несие фирмасының өкілі ретінде таныстырған. Бірақ фирманың атауын көрсетпеген. Зардап шегушімен «WhatsApp» арқылы хат алысып, банктен несие алу үшін қызмет ақысын аудару қажеттігін айтқан.
«Алаяқтық жасаудың жолдары көп. Алаяқтардың көбі психологиялық әдісті жиі қолданады: біріншіден, нарықтағыдан төмен баға ұсынса, екіншіден, жеделділікті алға тартады. Яғни адамға ойлануға уақыт бермейді. Әлеуметтік желілердегі, танымал сервистегі жарнамаларға көңіл бөліп, алдын ала төлем жасауға келіспеу керек. Ешқашан, ешкімге құжаттардың көшірмесін бермеңіздер. Қаскөйлер оны арамза мақсатта пайдалануы мүмкін», – дейді полиция қызметкерлері.