Қ.ТОҚАЕВ: “Жер ешқашан сатылмайды”
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Олжа-Агро» агроөндіріс компаниясына барды. ТМД көлеміндегі ең ірі шаруашылықтардың бірі саналатын агрохолдинг құрамында 21 ауыл шаруашылы5ы кәсіпорны, 8 элеватор, 1 зауыт және техника жөндеу орталығы бар. 1 000 000 гектар жерді тиімді игеріп отырған алпауыт компанияда бүгінде 7 мың адам еңбек етеді. Президент компанияға қарасты сүт-тауар бағытындағы «Олжа-Садчиков» серіктестігінде болып, мұндағы заманауи сүт фермасымен танысты. 100% цифрлы жүйеде жұмыс істейтін «ақылды» фермада тәулігіне 20 мың тонна сүт сауылып, 20 түрлі сүт өнімі өңделеді.
Одан кейін Президент жергілікті ауыл шаруашылы5ы кәсіпорындарының басшыларымен кездесті. Еңбек Ері Сайран Бұқанов мемлекет қолдауының арқасында өңірдің ауыл шаруашылығы жыл санап дамып келе жатқандығын, қазір еңбек еткен адамға бәрі табылатынын айта келіп: «Біз, қостанайлықтар алда тұрған сындардан өтуге даярмыз. Біз сізді жақсы білеміз. Елбасының салиқалы саясатының сенімді жалғастырушысы ретінде танимыз», – деді.
"Мен Қостанай облысын жақсы білемін. Меніңше, облыс қарқынды дамып келе жатыр. Өңірдің экономикалық аһуалы тұрақты, әлеуеті жоғары. Сіздер жер қадірін жақсы білетін адамсыздар. Сондықтан, естеріңізде болсын, қазақтың бір тұтам жері де шетелге ешқашан сатылмайды. Бұл – менің сайлауалды платформамдағы негізгі принциптердің бірі. Осы естеріңізде жүрсін!" – деді мемлекет басшысы.
Нұрқанат Құлабаев
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев