Жалақы берешегі өтелді
Қостанай ауданы прокуратурасының ұйғарымынан кейін «Север-птица» АҚ екі күннің ішінде 24 миллион теңге жалақы берешегін өтеді. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен брифингте облыс прокурорының аға көмекшісі Болат Тілеубаев мәлімдеді. Айтуынша, өңіріміз бойынша жұмысшылардың 70 пайызы прокурорлық ықпал ету актілерінен кейін ғана жалақыларын алған.
Қостанай облысы бойынша жыл басынан бері өңірімізде жалақы бойынша қарыз 88 миллион теңгеден 6 миллионға дейін төмендеген.
-Қазір 639 жұмысшы өз еңбекақысын алды. Оның 70 пайызы прокурорлардың араласуынан кейін ғана өтеліп отыр. Мәселен, жұмысшы жалақысын ала алмай жүрген туралы құзырлы органға шағымданады. Одан кейін олар істің анық-қанығын тексеріп, аталған кәсіпорынға қысқа уақыт ішінде орындау ұйғарымын енгізеді. Бірақ кейде кейбір азаматтар бірден сотқа шағымданып жатады.
Қазір Қостанай қаласы бойынша 40 жеке сот орындаушылары бар. Бұл шара да олардың көмегімен іске асыпты.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ