«Спорт-есірткіге қарсы»
Дәл осындай ұранмен бүгін Қостанай облысында «Денсаулық фестивалі» өтті. Ауқымды акцияның мақсаты-саламатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спорттың дамуына жол ашу.
Сенбілік таңда қаладағы орталық алаңға халық көп жиналды. Мектеп оқушыларын, жоғары оқу орындарының студенттерін және спортпен шұғылданушы қауымды дәл осы жерден таба аласыз. Топ ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да болды. Спорттық костюм киген жас-кәрі таңертеңгі 8.30-дан бастап дене жаттығуын жасады. Іс-шара барысында флеш-моб, президенттік миль жарысы ұйымдастырылды. Қатысушылар жас шамаларына қарай әртүрлі қашықтықта жүгірді. Мәселен, 11-14 жас аралығындағы ұл мен қыздың межесі-400метр, 15-20 жас аралығындағы жасөспірімдердің межесі-800 метр, 24-90 жас аралығындағы ересектерге белгіленген меже-2400 метр. Мектеп оқушыларының бір тобы гір тасын көтеріп білек күшін сынасты.
Облыс әкімдігінің алдындағы алаңда «медициналық қалашық» жұмыс істеді. Шаһарымыздағы емхананың тәжірибелі мамандары қостанайлықтардың қан қысымын тексеріп, дене салмағы мен бойының ұзындығын өлшеді. Сондай-ақ зиянды әдеттерден арылудың және дұрыс тамақтанудың негіздері бойынша кеңестер берді.
-Денсаулық акциясына халықтың көп жиналғаны көңілге қуаныш сыйлады. Осының өзі қостанайлықтардың өз денсаулықтарына атүсті қарамайтындығын білдірсе керек. Спортпен шұғылдану арқылы дені сау ұлт қалыптасады,-деді «Дұрыс тамақтану» аккредитивті орталығының маманы Юлия Швецова.
Денсаулық күні акциясын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы облыстық денсаулық сақтау басқармасы, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы және «Нұр Отан» партиясы ҚОФмен бірлесе өткізді.
Қымбат Досжанова
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков