Бір шаруашылықтағы сан түйткіл

Ұзынкөл ауданында мал шаруашылығын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай іске асырылып келеді. Биыл «Сыбаға» бағдарламасын іске орындай бойынша ауданда шетелден 150 бас ірі қара аналық басын әкелу жоспарланып отыр.
Өңірдегі «Аккерман Светлана Петровна» шаруа қожалығы осы бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп, Чехия Республикасынан жалпы сомасы 16,1 миллионнан астам теңгеге 25 бас симментал асыл тұқымды сиыр сатып алмақшы. Ал ұсақ мал сатып алу жоспары 600 бас болса, бүгінгі таңда оған «Обаған Ауылы» шаруа қожалығы 40 бас және «Кучербаева Гульнара Уралбековна» шаруа қожалығы 69 бас ұсақ мал сатып алуға ниет білдіріпті.images
– 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2019 жылы Ұзынкөл ауданына екінші бағыт бойынша 161,5 млн теңгеден астам қаржы бөлінсе, бүгінгі таңда  осы бағдарлама бойынша жалпы сомасы 134 млн теңге болатын 38 қатысушы ниет білдірді, – дейді Ұзынкөл аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Қайырбек Әлиев.
Биыл ауданда көктемгі егістік алқабы шамамен 324 мың гектарды құрап отыр. Барлығы 272 мың гектар жерге дәнді дақылдар себіледі деп күтілуде. Оның ішінде бидай – 235 мың, арпа – 25 мың, сұлы – 6 мың, дәнді бұршақты дақылдар – 5,9 мың гектарға егіледі. Дала жұмыстарына 2 мыңға тарта трактор, 1450 тұқым сепкіш, 89 жоғары өнімді егіс кешені, 94 бүріккіш, 2341 түрлі модификациялы тырмалар (БИГ-3А, БДМ-9, БММ-3,5) жұмылдырылмақ. Айтпақшы, майлы дақылдар егу көлемі 2016 жылға (16,4 мың га) қарағанда екі еседен астам межеге ұлғайып, биыл оның аумағы 35 мың гектарға жетеді деп жоспарланып отыр.
Біз ауданның ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші саналатын Новопокров ауылындағы «Тойсай» серіктестігіне барып, сүт, ет бағытындағы Зеңгі баба тұқымының жай-күйімен танысып келдік. 36 мың гектар алқабы, 1900-ге жуық қара малы өрген аграрлы мекенде 72 трактор, 34 комбайн, машина ауласы, машина-трактор жөндеу шеберханасы, астық кептіргіш және май өңдеу цехы бар. Серіктестікте 200 жұмысшы еңбек етеді.DSCN3532
«Тойсай» 100 қара малға арналған сүт-тауарлы фермасын іске қосуды қолға алған. Шаруашылықтың Кеңес үкіметі заманынан үзілмей жеткен сауын фермасы жылдан-жылға заманауи кейіпке еніп келеді. Одақ тұсында мұнда 1,5 мыңға дейін сиыр сауылып отырыпты. Қазір аналық басы азайғанмен, керісінше олардан алынатын сүт көлемі артқан. Оның да себебі жоқ емес. Нарықтық экономиканың қыр-сырына жетік «Тойсай» ЖШС директоры Ұзақбай Ағайдаровпен әңгімеміз кезінде тәжірибелі басшы бүгінгі ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктермен қатар, түйткілдерді де айналып өткен жоқ.
– Кеңес дәуірінен келе жатқан мал қораларды біртіндеп жөндеп, төбелерін жаңартып, сауын орнын заманауи құралдармен жабдықтап жатырмыз. Қазір тұрақты 150 сиыр сауып отырмыз. Кейін тағы да жүз аналық бұзаулайды. Жазда барлығы 250 сиыр сауамыз. Бірақ сол 250 сиыр бұрынғы 500 бастың сүтін береді. Бұрын 2500 литрге дейін сүт алып келсек, қазір оның көлемі екі есеге дейін артты. Ертеректе сиырларға шөп, концентрат, жем жетіспеуші еді. Қазір оларға беріп отырған азық бұрынғыдан бөлек, түрлі дәрумендер қосылған, сапасы жоғары. Малды жаз бойы люцернамен, ал қазан айына қарай рапспен тамақтандырамыз. Қыста малдың алдынан жылы су үзілмейді. Ғимараттарды жөндеп, қоралардағы микроклиматты қалыптастырғаннан кейін жағдай оңға қарай өзгеріп келеді. Дегенмен ферманың жөндеу жұмыстарын бітіре алмай жатырмыз, – деді Ұзақбай Садықұлы.
dav

dav

Қазіргі сүт сауатын шетелдік құралдар да бұрынғы техникадан әлдеқайда артық. Аппарат сиырдың желініне өзі көтеріледі де, сауылып болған соң кері ағытылады.  Шаруашылық жұмысшылары малды жуып, таза ұстау проблемасын да оңтайлы шешіпті – әр сиырдың желіні жеке-жеке автоматпен жуылады да, сауыншылар оны майлықпен сүртіп отырады. Сол майлықтар ферманың жеке бөлмесінде күн сайын кір машинада жуылып, кептірілетін болды. Астына үнемі сабан төселіп, ауыстырылып отырған сиырдың сауыры мен желіні таза тұрады. Және олар қылғынып қалмас үшін мойынбау жоғарыдан байланады.
Қазір шамамен 50 малға бір жұмысшыдан келеді. Бақташылар мен сауыншылар кезегін атқарып болған соң қосалқы бөлмелерде киім ауыстырып, жуынуға мүмкіндік алған. Ол жерде де қысы-жазы ыстық су үзілген емес.
Жұмысшылар сүтті сауып болып, оны 5000 литрлік цистернаға жинап отырады. Таза сауылған өнімді түн асырып салқындатып, күнара Меңдіқара ауданының орталығындағы «МИЛХ» ЖШС сүт қабылдау пунктіне тасымалдап отырады.
mde

mde

– Біздің алдымызда бірнеше түйткіл бар. Біріншіден, шаруашылығымызға сүт тапсыруға жеңілдік қарастырылмаған. Себебі, біз сиырларды Ресейден сатып алып отырмыз. Оған субсидия алу үшін мал басы үш маусым төлдеу керек. Қазіргі біздің сиырлар –екі рет төлдегендер. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдікке тек келер жылы ғана қол жеткізе аламыз. Екінші мәселе – мал азығын жинау техникасына да субсидия берілсе дейміз. Мәселен, Беларусь комбайндарын сатып алсаңыз, үкіметтен 50 пайыз жеңілдік бар. Ал олардың сапасы сын көтермейді, сына береді. Күніне жалғыз өзі 800-900 тонна өнім жинайтын әрі Беларусь тракторын екі есе орап алатын «Джон Дир» техникасының сапасы да, бағасы да қымбат. Сөйте тұра, оған берілетін субсидия көлемі 25 пайыз ғана. Үшіншіден, сауын сиырды бұрынғыдай жайылымда бақпаймыз. Ол қыста жылы жерде, жазда желдеткіштің астында тұруы керек. Тезегін де жыл бойы тазалап тұратын айналмалы құралы болу қажет. Ал ондай ферма салатын екінің бірінің жағдайы жоқ. Біз әйтеуір ескі қораларды жөндеп амалдап отырмыз. Қораларды бастан-аяқ толық жөндеп алайық десек, құрылыс материалдары өте қымбат. Оны жеткізу және бар, – деді шаруашылық басшысы.
mde

mde

Серіктестік жетекшісі келесі мәселе ет тапсыруға қатысты дейді. Етті «Терра» мал бордақылау алаңына тапсырайық десе, оның қоятын талабы қисынсыз. Сататын адам малын өзі апарып беру керек. Оны бір ай карантинге қояды. Апарған күйлі малыңыз өліп қалса, шығынын кейін төлейміз дейді екен. Ал бір айдан кейін сойыстың малын 400 шақырым жерге апарып өлшейді. Осы аралықта қаншама салмақ жоғалтуы мүмкін. Бұрын ет қабылдаушылар малды өздері келіп алып тұрыпты. Іріктейді, құжат толтырып, сол орнында бір айға карантинге қойып кетеді. Сол себепті, «Тойсай» 400 келіден асатын сойыс малдарын талабы келісті «Пархоменко» ет қабылдау орнына тапсырып келеді. Жыл басынан бері шаруашылық етке 140 бас мал өткізген.   
            – Тағы бір басты мәселе – мамандардың жоқтығы. Былтыр облыстағы жоғары оқу орындарын аралап, инженер, агроном, зоотехник, ветеринар сұрастырып келдім. Ауылдан жылуы бар үй беремін дедім, біреуі де келген жоқ. Жастар келгісі келмейді. Байқоңырдан бір орыс жігіті келіп жұмыс істеп жүр. Әзірге құжаттары түгел емес. Бір ай жұмыс істеп, ана жаққа барып, құжаттарымды алып келемін деді. Бұған бір жағы жолдың да сапасы кері әсерін тигізуде. Жол тегіс болса, қыста қардан уақтылы аршылып тұрса, барыс-келіс көбейер еді, – деді «Тойсай» ЖШС басшысы Ұзақбай Ағайдаров.   
           Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ  
            Суреттерді түсірген автор

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓