Интернет алаяқтары ұсталды
Қостанайлық полиция қызметкерлері интернет арқылы алаяқтық жасаған 8 күдіктіні анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қостанай полицейлері Павлодар, Көкшетау, Қарағанды, Алматы қалаларында және Алматы облысында қылмыс жасаған күдіктілерді ұстады. Қостанай облысының тұрғындары оларға тауарларды немесе несиелерді рәсімдеуде делдалдық жасағаны үшін ақша аударып келген.
«Бүгінде алаяқтар түрлі алдау тәсілдерін қолданады. Алдымен хат алмасып, сенімге кірген соң ақша ала бастайды. Тұрғындар көбіне Kolesa.kz, Krisha.kz, OLX.kz интернет-платформаларында алданып қалады. Жылжымайтын мүлік, автобөлшектер, киім алғысы келетіндер «сатушының» құрбанына айналып шыға келеді», – деп түсіндірді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Мәселен, 22 жастағы облыс тұрғыны қолайлы бағадағы автобөлшектер үшін алаяққа 110 мың теңге аударған, алайда уәде етілген тауар жеткізілмеген. Полицейлер бұл іске қатысы бар күдіктіні ұстады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары басталды. Полицияда атап өткендей, адамдар көбіне қымбат емес автокөліктерді сату туралы жалған хабарландыруларға ұрынып қалады.
«Алматы тұрғыны алаяқтардың KASPI GOLD картасының шотына Lexus маркалы автокөлікті сатып алу үшін 20 мың теңге алдын ала төлем жасаған. 28 жастағы күдікті көлікті Қостанай қаласында сатпақ болып, сатып алушыны шақырған. Бірақ, жәбірленуші Қостанай қаласына келіп, жалған сатушымен байланыса алмаған. Алаяқ Kolesa.kz сайты арқылы жымысқы әрекетін іске асырды. Көп ұзамай ол Қарағанды қаласында қолға түсті», – делінген полиция департаменті таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, тағы бір Қостанай тұрғыны Instagram желісіндегі «bakyt__bets» аккаунтының құрбаны болды. Алаяқ 20 жастағы Қапшағай қаласының тұрғыны болып шықты. Ол әлеуметтік желі арқылы ақша қаражатын айналдырумен айналысқан. Жәбірленуші оның есепшотына 12800 теңге аударған. Барлық фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полицейлер интернет арқылы қандай да бір тауарды сатып алу кезінде азаматтарды қырағы болуға шақырады.