Қырымда қалған қолтаңба
Облыстық Ы.Алтынсарин мемориалды мұражайы Қырым Республикасының Бақшасарай қаласындағы И.Гаспринский атындағы музеймен телекөпір арқылы байланысқа шықты. Әр тарап рухани нысандарға есімдері берілген қос тұлғаның еңбектері туралы ақпарат алмасты. «Ұлы даланың ұлы есімдері» аталған шарада тамырлас ұлттардың рухани байланысы, мәдени қатынасы әңгіме етілді.
«Ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсарин мен Қырым елінің белгілі қайраткері Исмаил Гаспринскийдің ойлары, жасаған қызметтері, жазған дүниелерінің мүддесі ортақ, – деп бастады телекөпірді Ы.Алтынсарин мемориалды музейінің директоры Марғұлан Оспанов. – Еңбектері арқылы екі елдің мәдениеті одан әрі жақындай түскен десем артық емес. Бүгінгі іс-шара осы сабақтастықты сақтай отырып, Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, тұлғаларымызды басқа елдерге кеңінен насихаттау мақсатында өтіп отыр».
Бұдан әрі экранның арғы-бергі бетіндегі мүдделес тараптар өз мекемелері, атқарып жатқан жұмыстары, мұражай қорындағы тұлғаларға қатысты жәдігерлер жайында мәлімет айтты. Мәселен, Қостанайдағы музейдің тарихы еліміздің тәуелсіздік жылдарынан басталады. 1884 жылы ағартушы Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған мектептің орнына 1991 жылы салынған. Қазіргі таңда қорында 12 мыңнан астам жәдігер бар. Олардың ішінде ағартушы тұтынған тұрмыстық мүліктер, қолжазбаларының түпнұсқалары сақтаулы. Сондай-ақ, Тобыл-Торғай топырағында түлеген тұлғаларға қатысты деректер де жинақталған.
Бақшасарайдағы рухани нысан да тақыр жерден тұрғызылмаған. Тағылымды тарихы бар «Тарджиман» газетін шығарған бұрынғы баспа үйінің орнында тұр. Әрине, туыстас елдің мұражайының тамыры тереңіректе. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде, дәлірек айтқанда, 1921 жылы ағартушының 70 жылдығына орай музейге айналыпты.
«Патша үкіметі кезінде И.Гаспринский туралы айтуға тыйым көп болды. Сөз етілсе де қаралау рәуішінде, дінге қатысты көзқарасы үшін теріс насихатталды. Оның атындағы музей де аз теперіш көрген жоқ. 1932 жылы жабылып қалып, салдарынан көптеген экспонат жоғалып кетті. Музей араға 71 жыл салып, қайраткердің 150 жылдығы қарсаңында, яғни 2001 жылы қайтадан ашылды. Ғимарат жөндеуден өтіп, қалпына келтірілді. Қазір мұнда қалғаны – тарихи тұлғаның отбасылық суреттері, өзі басып шығарған басылымның бірнеше данасы және басқа да еңбектері», – деді И.Гаспринский атындағы мемориалды музейдің меңгерушісі Эльмира Абибуллаева.
Осы телебайланыста жария болған жаңа дерек – И.Гаспринский музейінде Ы.Алтынсариннің қолтаңбасы бар «Мұсылманшылық тұтқасы» кітабы сақтаулы екен. Қазақ ағартушысының бұл еңбегі 1884 жылы Қазан қаласында басылып шыққаны тарихтан мәлім.
«Ыбырай жазып-сызып, кейінгіге қалдырған 90-ға жуық хатпен етене танысқанымда байқағаным – жазбаларда ағартушы «Алла», «жаратушы», «құдай» деген сөздерді 56 мәрте қайталапты. Оны "шоқынды" санағандардың дақпырт таратқанын, шын мәнінде ұлы ұстаздың ислам дінін айрықша құрмет тұтқанын осылар дәлелдеп тұр емес пе! «Мұсылманшылық тұтқасы» кітабын жазудағы мақсаты қандай? Мақсаты – шәкірттері қызметке барғанда ешкімнің ала жібін аттамасын, Құранның негізгі қағидаларын қаперлерінде ұстасын дегені. Діні берік адам халқын сатпайды деп сенген. Менің білуімше, Исмаил бей Гаспринскийдің Ыбырай Алтынсаринмен рухани ұқсас, үндес тұсы осы болса керек», – деді аталмыш еңбектің мән-маңызына тоқталған философия ғылымдарының кандидаты, профессор Қалқаман Жақып.
Тарихи деректер айтылып, ғибратты әңгімелер қозғалған рухани шараға сала қызметкерлері ғана емес, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Орайы келгенде Қостанай қаласының Никифоров атындағы көркемсурет мектебінің оқушылары Ы.Алтынсарин әңгімелерінің желісі бойынша салған суреттерін көрсетті. Қырымдық әріптестер жеткіншектердің таланты мен талабына тәнтілік танытып, лебіздерін айтты.
Шара соңында екі музейдің басшылығы да осынау бастаманы аяқсыз қалдырмауға уағдаласты.