ҚҰРЫЛЫСҚА МӘН БЕРДІ
Қостанай қаласында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында бірқатар білім ошақтары күрделі жөндеуден өткізілуде. Атап айтқанда №4 орта мектепте жалпы сомасы 475,9 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бағдарлама аясында бұл арада 138 жұмысшы жұмылдырылған. Оның 69-ның Жұмыспен қамту орталығы арқылы нәпәқасын айырып жүргенін айта кеткен жөн. Ал
№6 орта мектептің күрделі жөндеуіне 596,3 млн теңге бөлінген. Жұмыспен қамту орталығы арқылы бұл араға 87 жан қызметке алыныпты. Жалпы, бағдарлама аясында тер төгіп жүргендердің саны – 173.
Бүгінгі таңда объектілерде шатырларды қайта жаңарту, терезелер мен коммуникация жүйелерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын қараша айында аяқтау жоспарланған.
Білім нысандарындағы жөндеу жұмысын аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов көзбен көріп қайтты. Әкімнің айтуынша, "Жұмыспен қамту жол картасы" аясында биыл облыс орталығындағы 8 білім беру нысаны күрделі жөнделуде. Осы мақсатта бюджеттен 2,8 млрд теңге қарастырылған. Бағдарлама аясында бас аяғы 759 жұмыс орыны құрылды. Оның 381-і Жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке жұмылдырылған.
Жағдайға қаныққан аймақ басшысы қала әкімі Қайрат Ахметовке құрылысқа қатысты біраз тапсырма жүктеді.
Осыдан кейін Архимед Мұхамбетов қала көшелеріндегі жөндеу жұмыстарын назарға алды. Қаланы аралау барысында мердігерлік ұйым басшыларының автомобиль жолдарын қайта жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы есебін тыңдады.
Биыл көлік инфрақұрылымын дамытуға және облыс орталығын абаттандыруға 14,2 млрд теңге бөлінген. Қаржыға қаланың 74 көшесін жөндеу жоспарланған.
Жалпы, қала бойынша 70,4 км жол жөнделуі тиіс. Тозығы жетіп, топырақтанып кеткен 59 шақырым жолға қайтадан тас төселетін болады. Сондай-ақ, 140 кварталішілік аумақтарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
«Юбилейный» шағын ауданындағы №9 тұрғын үйдің құрылысы да аймақ басшысының назарынан тыс қалған жоқ. 9 қабатты, 108 пәтерлі үйдің құрылысына 672,1 млн теңге қарастырылған. Нысан қыркүйек айында қолданысқа енгізілуі тиіс. Баспана құрылысымен танысқан облыс әкімі жергілікті билік өкілдеріне үйдің бекітілген мерзімінде тапсырылуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.