Астанадан Парижге дейін
Зағип және көзі нашар көретін әуесқой спортшылардың «Blind Race Astana – Paris» құрлықаралық веломарафоны Астана қаласынан басталды. Қатысушылар 5 мың шақырымнан астам қашықтықты жүріп өтіп, велоспорттың астанасы саналатын Парижге жетуі тиіс.
«Астана – Париж» велошеруінің капитаны Бақтияр Базарбековтің сөзінше, шараның мақсаты – велосипедті экологиялық таза көлік түрі ретінде дәріптеу, елдегі экотуризмді дамыту, қамкөңіл жандарға рухани көмек беру.
«Біздің команда 4 тандемнен тұрады. Әр велошабандоздың қасында бір ерікті жүреді. Күн сайын біз 200 шақырым қашықтықты бағындырамыз. Біздің команда бастапқыда 5 адамнан құралған еді. Міне, бұл жолы 16 әуесқой спортшы жолға шықтық. Жалпы, Парижге жетер жолда әлемнің 30 қаласын басып өтеміз», – деді Бақтияр Базарбеков.
Спорттық шара 2018 жылдың қыркүйек айының ортасында аяқталмақ. Енді спортшылар Қостанайдан өтіп, Ресей тасжолына түседі.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев