Сайлау туралы заңнама түсіндірілді
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров жұмыс сапарымен Қостанайға келді. Ол өңірлік сайлау комиссияларының төрағаларымен, хатшыларымен және Президент сайлауына үміткерлердің штаб жетекшілерімен кездесті. Одан кейін К.Петров Президент сайлауын ұйымдастыратын өңірлік комиссия мүшелеріне арналған семинар-тренинг өткізді. Семинар барысында сайлау туралы заңнамадағы бірқатар өзгерістер түсіндірілді. Сондай-ақ, саяси науқанының негізгі кезеңдерін ұйымдастыру, сайлауға дайындық жүргізу және оны өткізу барысындағы өңірлік сайлау комиссияларының өкілеттіктері туралы сөз болды.
«Орталық сайлау комиссиясының мүшелері мұндай оқу семинарларын барлық өңірлерде өткізетін болады. Негізгі мақсат – жергілікті сайлау комиссиялары мүшелеріне сайлау туралы заңнамаға 2018 жылы енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы түсіндіру. Сайлау комиссиялары жыл басында ғана құрылды. Біздегі дерек бойынша, еліміздегі сайлау комиссиялары құрамының 40%-і жаңарған. Арамызда саяси науқанға тұңғыш рет тікелей ат салысып отырған азаматтар бар. Біз олар үшін арнайы оқу фильмін алып келдік. Сайлау барысының барлық қыр-сыры бүге-шігесіне дейін түсірілген осы бейнефильмді көрсеткеннен кейін, саяси науқан барысында туындауы мүмкін кейбір жағдаяттарға тоқталамыз. Тренинг арқылы мұқият дайындықтан өткіземіз» – деді Константин Петров.
Семинар-тренингке қатысқан облыс әкімі аппаратының басшысы Арман Әбенов сайлаушылар тізімін түзу, сайлау учаскелерін қажетті керек-жарақпен қамтамасыз ету, дауыс беруге келетін мүмкіндігі шектеулі адамдардың кіріп-шығуына қолайлы жағдай туғызу барысында атқарылған жұмыс жөнінде баяндады.
Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы А.М. Маркова өңірде сайлау науқанын ұйымдастыру жайы, дауыс берретін күнге сайлау учаскелерін дайындау, сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту және тестілеу барысы туралы мәлім етті.
Нұрқанат Құлабаев