Құрт ауруы кеміген
2019 жылдың бірінші тоқсанында өңірде туберкулез дертіне шалдығу көрсеткіші 12,6% кеміп, бір кісі өлімі тіркелген. Бұл жөнінде Қостанай облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысы Орал Бекмағамбетов айтты, – деп жазады BAQ.kz тілшісі.
«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында медицина саласындағы қызмет сапасын арттыру міндеттелген. Осыған орай, біз тексерулер жүргізіп тұрамыз. Денсаулық сақтау саласының қызметіне қатысты үш айда 51 өтінім келіп түсті. 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50% көп. Оның дені (67%) медициналық көмектің сапасына байланысты. Барлық өтініштер тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен ашық түрде қаралды. Отыздан астам тұрғынның шағымы бойынша 47 нысан тексеріліп, оның 26 пайызы негізді екені анықталды. Кемшіліктердің көбі педиатриялық және фтизиатриялық бағыттағы қызметтерде жіберілген. Мысалы, осы жылы Жангелдин аудандық орталық ауруханасында ана өлімі тіркелген. Тәуелсіз сарапшылар оны толығымен ақ халаттылардың кінәсі екенін дәлелдеп отыр», – деді Орал Бекмағамбетов.
Сондай-ақ, ол аймақтағы қазіргі жағдайды баяндады. Келтірілген деректерге сүйенсек, 2018 жылы облыста жұқпалы аурулар көрсеткіші – 100 мың тұрғынға шаққанда 266 адам. Республикада – 315,9. Ал 2019 жылдың бірінші тоқсанында 86 адам (100 мың тұрғынға шаққанда) жұқпалы індетке шалдыққан. Бұл өсім қызылша ауруының өршіп кетуінен болған.
Халықты жоспарлы түрде иммундау шараларының әсерінен өңірде дифтерия, қызамық, полиомиелит аурулары бойынша жағдай тұрақты сақталып тұр. Қаңтар-наурыз айлары аралығында балалардың 95 пайызына екпе жасалған.
Ведомство басшысының мәлімдеуінше, алғашқы үш айда облыста туберкулезге шалдығу қаупі жоғары топтардың 91,4%-ы тексерілген. Оның ішінде, ЖҚТБ (СПИД) сауықтыру орталығында есепте тұрғандардың 65,2%-ы, бостандығынан айрылғандардың 55,9%-ы ғана қамтылған. Жалпы, Қостанай облысында бұл кеселге шалдыққандар саны 100 мың адамға есептегенде 500-ден асады.
«Туберкулезге қарсы диагностика жоспары бірінші тоқсанда 99,4% орындалды. БЦЖ вакцинасымен жаңа туған нәрестелердің 96,5%-ы егілді», – дейді департамент басшысы.