ЖАСТАР ЖЫРЛАЙДЫ
Бүгін назарларыңызға қостанайлық жас ақындардың өлеңдерін ұсынбақпыз. Жыр өлкесіне қанат қағып, талмай талаптанып жүрген қыз-жігіттердің қадамы ерекше қуантады. Дәйім қаламдары ұшты, жазарлары күшті, болашақта "өлең жазу үшін өлең жазбайтын" өр ақындарға айналуларына тілектес бола отырып, жастардың жауқазын-жырларын өздеріңізбен бөліскенді жөн көрдік.
Рудный индустриялық институтында
Электр энергетикасы мамандығының 3-курсында оқиды
Бақыт
Түндер бар ұйқыңды тонаған,
Үндер бар сұраған Тобадан.
Бағыттан жаңылып кеткен бе,
Бақытты көксейді көп адам.
Көксеуден туады көп егес,
Жалғанда ақиқат көп емес.
Бақыт не?
Күлімдеу, шаттану?
Жоқ, бақыт ол емес.
Тағдыр бұл – Тәңірдің үкімі,
Жамылған керемет күпіні.
Жалғаннан шын бақыт іздеу, бұл –
Арбалған пенденің пікірі.
Қалалар, ең көркем көшелер,
Бал құйып берілген кеселер.
Күндерің, түндерің, гүлдерің,
Таулардың жанына төселер –
бәрі өтірік!
Ішетін бе едің сен
"тәттіні",
жасырмай "мынау У" десе егер?
Бетперде тағынған бұл дала,
Мейлі сен, масаттан, мың қара.
Өтірік өмірдің ішінде,
Шынайы көрініс бір ғана.
Бәрібір, патша бол, астам бол,
Алланың есімі – асқақ, зор!
Тіршілік – Тәңірдің сынағы,
Құлшылық – Бақытқа бастар жол.
Ал, Құран – киелі дерек ол,
Сабырлық пендеге керек ол.
Фәниде жолыңнан айырмай,
Бақидың бақытын бере гөр!
Тәңірім!!!
Махаббатыма
Назарды маған, сезбедің, қоймай,
Ашудан қарғып, қарғып та алғанмын.
Тәтті жүзіңе көздерім тоймай,
Қант диабетіне шалдыққан жанмын.
"Аңсай бер, қарап суретке" деді,
Махаббат деген мықты "ағай" –
Жүрекке сүюді үйреткен еді,
Еріннен сүю тіпті оңай.
Ғашық болуға ғана машықтық,
Сенің бейнеңді ұтты елес құрап.
Арамызда бар арақашықтық,
Арақашықтық түк те емес бірақ.
Мазамды болдың, жарқыным, алып,
Қашанғы жүрем тағы бүйтіп-ай.
Жақындап қалсам, шалқыды шабыт,
Махаббатыңның магнитін-ай!
Жырдың сиясы – қылқаламымда,
Сезімнің кетпей жұқа мұңдары.
Ғашықтар болайық бір парағында,
Гиннестің рекорд кітабындағы.
Қара көзіңнің үзігі көктен,
Көрінді, қайтем күрсініп тегі.
Күпі жамылып, қызығы кеткен
Қызығым болшы тіршіліктегі.
Әкеле берді-ау көзіме сені,
Жаныма мұңлы, дос еткем күйді.
Жаным, біздегі сезім өлшемі,
Есептеулермен есептелмейді.
Уһ, сезімімді ақыры аңдадың,
(Жаратқан, бірге ете көрсеңші).
Қалған істердің қатырам бәрін,
Қолымнан ұстап кете берсеңші!
Көтерші, көріп, күліп еңсені,
Түйені көрмес – көзі көрместің.
Құттықтаймын, жаным, күнімен сені,
Баян Сұлу мен Қозы Көрпештің.
Адамды сүйіңдер
Шабытым, іркілме,
Өрейік шумақты шіркінге.
Күш берген кеудеде бүлкілге,
Жібіткен жүректі бір күнде.
Тірліктің босатқан қыспағын,
Өмірдің көрікті тұстарын
сезімсіз сезіну мүмкін бе?
Махаббат дейтұғын жалынның ұшқынын,
Сезбесең, кеудеде қыңсылап міскін үн,
Әлсіздік әкетер…
Сезіммен күштімін.
Түнекті айналдыр жарыққа, сүюге тарықпа,
Түрленер түс-түрің,
Нұрланар ұсқының.
Талдама түр өңін,
Таңдама реңін.
Сүйе біл шынайы, сүйсініп жүрегің.
Махаббат болмаса, бұл фәни мәнсіздеу,
Рас қой келері бір өлім.
Даттанып қалмасын сый-өмір,
Ақтарып сырыңды сүйе біл,
Атқарып ғашықтың рөлін.
Иә, бұл шын деректер,
Шынайы ғашықтар аңызын елепті ел.
Өмірдің тәттісін сезер ме ед
Таппаса Қозы кеп Баянын,
Таппаса Еңлігін Кебектер?
Ғашықтың көзінде сұлулық орнайды,
Билейді қайыңдар, тербеліп теректер.
Байқалған бақыты тым айқын, өмірі өзіне ұнайтын,
Өзіңнен соншама ерек пе ел?
Махаббат – мағына,
Жалғанның сүйкімді жағына
сүйіктің себепкер –
Көкейге осыны түйіңдер!
Тәңірім, талайға ғашықтың күйін бер…
Санаңды мұңдарға жабық қып,
Ғаламды түнерген жарық қып,
Адамды сүйіңдер!
Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ филология факультеті,
қазақ тілі мен әдебиеті
мамандығының 4-курс студенті
Сағыныш
Беу, бақыттың бұлттарынан тамды бақ,
Жерде жүрмін көңілсіздеу əн құрап.
Өзің келіп сипамасаң шашымнан,
Менің жазып жүргендерім – сандырақ.
Түндерім де жалғыз қалды ұйқымсыз,
Бағамды да біле алмай жүр кей құнсыз.
Өзің келіп бауырыңа баспасаң,
Мына тұлдыр тіршілік те сүйкімсіз.
Маған қарай талай ағыс қарсы ақты,
Сенгендерім көз алдымда ар сатты.
Өзің келіп тыңдамасаң жанымды,
Мына керең қу дүние шаршатты.
Өлеңдерім – өмірімнің көрмесі,
Айшықталды оны жырмен өргесін.
Өзің келіп жылытпасаң ертерек,
Суып кетті жүрегімнің бөлмесі.
Адалдыққа адал болмау – зор қайғы,
Шындық шыңын жоғалтқандар сорлайды.
Өзің келіп Шолпан туған мезгілде
Ауыл жаққа əкетпесең болмайды.
Түнгі сыр
Жанымды жегідей жеп күнара мұң,
Сағыныштан күйреген мұнарамын.
Сіз мені кешіріңіз, атыңызды
Жүрегімнен мəңгіге шығарамын.
Солай деумен өзімді жұбатамын,
Еңсемді езді, атпай бұла таңым.
Лəйлідей сізді сүйіп көргенім жоқ,
Алайда, өзіңізді ұнатамын.
Жек көріп сосын талай кектенгенмін,
Ұмытам! -деп өзіме серт бергенмін.
Айығып қалғанымда сағыныштан,
Сізді көріп тағы да дерттенгенмін.
Сүрініп жүргенімде ойға мұңды,
Бір үміт жарқ етті де бойға мінді.
Тереземнен Ай қарап айтып қалды
Мен сізге жыр арнауды қойғанымды.
Сізді бəлкім алғанмын ойдан құрап?
Əйтпесе, жүрмес едім айдан сұрап.
Анау тұстан бір бейне байқалады,
Сол сіз бе?
Қайдам бірақ…
* * *
Жүрегімдесіз тым алыстағы жақыным
Мұңлы түн әнін бұзуға жетпес батылым.
Ай шуағы кеп шашымнан сипап өткенде,
Мен сізді тағы түсімде көрдім, Ақыным!
Түсімде көрдім, шынайы бақыт бұл деген,
Сіз кірген түсте мен де бір ғажап түрге енем.
Əттең-ай, əттең, оянып кеттім бейуақыт,
Əлгінде ғана шабыт елінде жүрген ем…
Міскін үмітпен жалғадым сосын ұйқымды,
Жыр оқып тұрсыз, артынан баяу күй тұнды…
Ақындар сұлу – оқыған сәтте өлеңін,
Тыңдаса соны – оқырман қыздар сүйкімді!
Жұлдызбен зерлеп, түндерде кесте тоқысам,
Ұйықтап кетсем, оята алмайды оқыс əн.
Өлеңнің бəрін жазсаңыз ғой тек түсімде,
Ең алғаш болып оны да өзім оқысам…
Інжу сөздердің сарбазы, нағыз Батырым,
Өң менен түстің арасы қанша шақырым?
Өмірде əлі оқып көрмеген жырларды,
Түсіме келіп жазып беріңіз, ақыным…
Қолтаңба беріп қуантыңызшы, Жақыным!
Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ филология факультеті
қазақ тілі мен әдебиеті
мамандығының 1-курс студенті
Мүмкін бәрі…
Мүмкін менің бағымсың?
Мүмкін бəрі.
Көңілім алабұртып бұлқынғаны…
Сен менен жырақтасың,
Бірақ, жақын…
Жүрегімсің кеудемнің сыртындағы.
"Мүмкін бəрі, – дей тұра, –
мүмкін бəрі",
Жүрегім өзің жайлы тың тыңдады.
Құлып сынды бұғаулы көңіліңді,
Аша алатын мен шығар кілтің-дағы?!
Мүмкіндіктер әлі алда…
Мүмкін бəрі,
Күлкіменен еске алам бұл күнді əлі.
Болу керек біздерде сезім ерек,
Сонда жүрек тек алға ұмтылады.
Ы.Алтынсарин атындағы
Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты
Филология факультетінің 3-курс студенті
Алдамаңдаршы, өтінем
Бақылап жүрмін жер басқан дүние жандарын,
Бір-бірін алдап итеріп жүр ғой орға мың.
Алдамаңдаршы,алдамаңдаршы, өтінем,
Онсызда мынау алдамшы бес күн жалғаның.
Алдаңдар, мейлі, тек аңғал адам боп қалам,
Ешкімнің бетін "айлакерсің" деп қақпағам.
Аңғал адамдар, байқаңыздаршы, өтінем,
Айналамызды "Алдар көселер" қаптаған.
Айтыңыздаршык алданбай жүрген жан бар ма?
Сенген жандарың алаяқ болса, таңданба.
Аңғал болмаңдар, оп-оңай ғана алдайды
"Періштесің" деп бейкүнə көрген жандар да.
Алдаңдар, мейлі, шынайылықты иемденем,
Періште шықпас жердегі жүрген пендеден.
Алданған жанды "Қуыршақ қыпты" дейді ме?
"Қуыршақ" деген ойынды ойнап көрмеп ем.
Алдамаңдаршы, мен де бір аңғал адам ем,
Өзіме сенем, теріс қарасын бар əлем.
Əттең-ай, əттең, адам боп келдім өмірге,
Заман түлкісін тазы боп жетіп шалар ем.
Ақын болып туғаныма қуанам
Қиын маған бұны айту тілменен,
Шығады деп ойланамын кім менен.
"Кім боламын?" деген сұрақ мазалап,
Шабыт келіп, жүрегімнен туды өлең.
Білмеймін мен, арманымды кім бұзды,
Мына өмірім қайда бастап жүр бізді?
Əттең,əттең, мен ғарышкер емеспін,
Айға апарып, көрсетер ме ем жұлдызды.
Ойланамын,толғанамын кейде енді,
Саған қандай жасаймын деп сыйды енді.
Суретші де бола алмадым, өзіңнің
Айнытпай-ақ салар ма едім бейнеңді.
Айтқанымдай бола алсам ғой егер мен,
Болмасам да ұқсап бағам дегенмен.
Ең құрыса, сүңгуірде болмадым,
Мұхиттардан маржан сүзіп берер ме ем.
Не нəрсені армандаймын басқа мен,
Арман шіркін, жеткізбейтін асқақ ең.
Мүсінші де бол алмадым, əттең-ай,
Мүсініңді тастан қашап тастар ем.
Кім түсініп, ұғады екен мұңымды?
Өлең жазып жеңілдеттім жүгімді.
Ақын болып туғаныма қуанам,
Тек өзіңе арнайтұғын жырымды…
Академик З.Алдамжар атындағы ҚӘТУ
құқықтану мамандығының 1-ші курс студенті
Көзімнің жылу беріп оты көпке,
Өшіре алмас не тұман, не түнек те.
"Шығаршы" деп жатқандай соққы беріп,
Жұдырықтай жүрегім көкіректе.
Өшіре алмас не тұман, не түнек те.
"Шығаршы" деп жатқандай соққы беріп,
Жұдырықтай жүрегім көкіректе.
Жібі болса бітеді инеге тіл,
Дәл осындай түсірді күйге не түр?
Жұлқындырып бойымды бір керемет,
Тау қопарар құдірет билеп отыр.
Дәл осындай түсірді күйге не түр?
Жұлқындырып бойымды бір керемет,
Тау қопарар құдірет билеп отыр.
* * *
Жас жігіттің жігерін құм етер кім?!
Санамды сергектікпен гүл етермін.
"Бұл өмірдің жұмағы – жігіттік шақ",
Мен дәл қазір жұмақта жүр екенмін.
Санамды сергектікпен гүл етермін.
"Бұл өмірдің жұмағы – жігіттік шақ",
Мен дәл қазір жұмақта жүр екенмін.
Білімнен де мықты боп, білектен де,
Сенімді ұялатам жүректерге.
Бәсекенің шебері атанамын,
Нық тұрып, белді буып күн өткенде.
Сенімді ұялатам жүректерге.
Бәсекенің шебері атанамын,
Нық тұрып, белді буып күн өткенде.
Жасты көрсең, ерінбе, жақ алауын,
Қадағала әр ісін саралауын.
Қарап қалса, дүние бос кетеді,
Талаптанса, жасайды қалағанын.
Қадағала әр ісін саралауын.
Қарап қалса, дүние бос кетеді,
Талаптанса, жасайды қалағанын.
Мақсатқа жақындармын, ұзамаспын,
Мен жаспын, белестерді жүз әрі астым.
Мағжанның сеніміне дақ түседі,
Есімін шығармасақ біз Алаштың.
Мен жаспын, белестерді жүз әрі астым.
Мағжанның сеніміне дақ түседі,
Есімін шығармасақ біз Алаштың.
Өмірді жастар еді қалыпты еткен,
Біреуі Күн, бірі Ай боп жарық төккен.
Осы еді басты құрал – намыс, жігер,
Кешегі Қайраттардан қалып кеткен.
Біреуі Күн, бірі Ай боп жарық төккен.
Осы еді басты құрал – намыс, жігер,
Кешегі Қайраттардан қалып кеткен.
Ел дегенде көз жұмды алаңдап ер,
Көз жеткізгін келсе егер, алаңға кел.
Бар әлемнің тетігі – жас қолында,
86 жастары соған дәлел.
Көз жеткізгін келсе егер, алаңға кел.
Бар әлемнің тетігі – жас қолында,
86 жастары соған дәлел.
Алмас үшін аза-мұң тағы байлап,
Күшті сарпы, еліңнің қамын ойлап.
Жалғанды жалпағынан басу керек,
Жастықтың тұрған кезде жалыны ойнап…
Күшті сарпы, еліңнің қамын ойлап.
Жалғанды жалпағынан басу керек,
Жастықтың тұрған кезде жалыны ойнап…