iKomek – халық қамқоршысы
Қостанай қаласы әкімдігінде iKomek ахуал орталығы ашылды. Бұл орталық Нұр-Сұлтан қаласындағы iKomek бақылау және жедел әрекет ету орталығының үлгісінде құрылды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ашық кедергiсіз кеңістікте бір терезе қағидасы бойынша, халыққа қызмет көрсету жүйесін енгiзу тапсырылған болатын.
– iKomek орталығының негізгі қызметі – тұрғындардың өтініштерін қабылдау, коммуналдық және жедел қызметтердің жұмысын үйлестіру. Негізі осы жылдың 1 ақпанынан бастап 109 бірыңғай нөмірі енгізілген. Кейін коммуналдық мемлекеттік мекеме құрылды. Шағын орталықта әзірге 12 адам жұмыс істейді, оның ішінде әкімшілік 4 бірлік және 8 оператор бар. Нұр-Сұлтан қаласының iKomek базасының тәжірибесі бойынша операторлар базасы, нұсқаулықтар жасалды. Елордада бақылау және жедел әрекет ету орталығы 2018 жылдың басынан жемісті қызмет етіп келеді, – деді орталықтың директоры Марғұлан Әлқуатұлы.
iKomek орталығы қаланың тыныс-тіршілігіне мониторинг жасап, талдау жүргізеді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, бұл орталық қаладағы түйінді мәселелерді уақытылы шешу мақсатында жұмыс істеуі тиіс.
– Карбышев көшесінің тұрғыны проблемасын айтып хабарласты делік. Сонымен қатар қаланың екінші шетінде басқа мәселе туындады. Бұл кезде қалай әрекет етесіздер? Соған дайын болу қажет. Әйтпесе, бұл орталықтың маңызы шамалы. Керек болса, кадр санын көбейтіңіздер. Бастысы, тұрғындардың өтініштері дер уақытында қаралып, тиісті атқарушы органдарға жіберілуі тиіс, – деді Архимед Бегежанұлы.
iKomek 3 бағытта жұмыс істейді. Әуелі, қала тұрғындары мен қонақтарынан өтініштерін 4 оператор қабылдайды. Одан әрі 4 инспектор сұрақтың сапасы мен мазмұнын бақылап, атқарушы органдарға бағыттайды. Үшіншіден, барлық мүдделі қызмет тұрғынның өтінішін қарастырып, шешімін береді.
Осы уақытқа дейін 40-тан астам мемлекеттік органда, халыққа қызмет көрсететін ведомстволық және мердігерлік ұйымдарға тексеру жүргізілді. Барлығы 1000-нан астам қызмет іріктеліп, тиісті регламент әзірленді.
«Қостанай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі «Қолжетімді әкімдік» жобасын ұсынды. Мұнда қала тұрғындары мемлекеттік қызметтерді бір терезе қағидаты бойынша алады. Себебі, бүгінде ТКШ, тұрғын үй қатынастары, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, сауда және кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария салалары бойынша сұранымдар көбейген.
Қалалық әкімдік «Ватсап», «Инстаграм», «Фейсбук» әлеуметтік желілері және telegram чат-боттар бойынша өтініштерді қабылдауды ұйымдастырмақ. Сондай-ақ, «Смарт Қостанай» мобильді қосымшасын біріктіру және қаланың әлеуметтік-маңызды объектілері үшін бейне бақылау камераларын шығару жоспарлануда.
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев