Сәнді баспана – сәулетті тұрмыс кепілі
Елімізде үш жылдан бері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Аталмыш бағдарламаның басты мақсаты – халықтың өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету және коммуналдық инфрақұрылымды жақсарту. Яғни, әбден тозығы жеткен баспаналар дәл осы бағдарлама аясында қайта жөнделіп, жаңарып шыға келеді.
Күтім көрмеген көпқабатты тұрғын үйлер қыс мезгілінде суық болады. Пәтердің ішіндегі жылу ескірген есік, терезе, қабырға, шатыр арқылы сыртқа шығып кетеді. Инженерлік коммуника- циялардың дұрыс жұмыс істемеуінен апатты жағдайлардың орын алуы мүмкін. Мұндай баспаналардың сырты да көрер көзге сүйкімсіз. Іргетасы ертеректе қаланған үйлердің күтіміне осы уақытқа дейін ешкім мән берген жоқ. Енді, міне, үйге де көңіл бөлетін уақыт келді. Ескі баспананы жаңарту мемлекеттік бағдарлама бойынша жүзеге асады.
Көнерген баспаналарды жаңғырту Елбасының жүктеген тапсырмасы. Бұл туралы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз" атты Жолдауында "Азаматтардың өмір сапасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жайлылығының деңгейі" деп атап көрсетті. Жолдау арқылы ел Үкіметінің алдында жедел түрде тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғырту бағдарламасын қолға алуды міндеттеді. Осыған байланысты елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы іске қосылды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша алдымен 60-70 жылдардағы, тіпті одан ертеректе салынған үйлерді жөндеуге басымдық беріледі. Ескі үйлердің іші-сырты жаңарып, жылу жүйесі ауыстырылады. Аталған жөндеу жұмыстары тұрғындардың келісімі бойынша жүзеге асады.
Көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеудің екі механизмі бар. Біріншісі – күрделі, екіншісі – ағымдағы жөндеу. Күрделі жөндеу дегеніміз алты құрамдас бөліктен тұрады. Алдымен жертөле, подъезд жөнделіп, одан кейін шатыр, үйдің сырт-қы қабырғалары және лифтіні жаңадан орнату шаралары жасалады. Бұл жұмыстар жасалған уақытта ескі үй жаңарып шыға келеді. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында тұрғын үй инспекциясы үйді жөндеуге ықы- ласты мердігермен келісім жасайды. Ал жергі-лікті билік өз тарапынан құрылыстың сапасы мен мерзімін, пайдаланылатын материалдарды бақылап, оның жұрт-шылық көңілінен шығуына ықпалын тигізеді. Атал-ған мемлекеттік бағдарлама елдегі тұрғын үй жағдайын жақсартып, азаматтардың өз мүлкін сақтауға деген жауапкершілігін арттыра түседі.
Қостанай қаласында бағдарлама бойынша жаңарған үйлер жетерлік. Соңғы үш жылдың ішінде шаһардағы 40 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыс-тары жүргізілді. 2011 жылы бағдарламаның екі механизмі бойынша 360,6 млн.теңге бөлініп, 12 үй жөнделді. 2012 жылы бірінші механизм бойынша 14 үй жөнделді. Оған 138,7 млн.теңге бөлінді. 2013 жылы тағы 14 үйге 207,2 млн.теңгенің жөндеу жұмыстары жасалды. Үш жылдың ішінде тұрғын үйді жаңғыртуға 706,5 млн.теңге қаржы бөлініпті. Ал би-ылғы жылы арнайы келісім-шарт жасалып, 11 көпқабатты тұрғын үйде жөндеу жұмыс-тары басталып кетті. Аталған жұмыстар үшін 173,1 млн.теңге бөлінді. Алдын ала жоспарлан-ған үйлерде подъ-ездер, жертөлелер мен инженерлік желілер жаңарып, жылу өлшегіш құрыл-ғылары орнатылады. Мамандар жоспарланған үйлердің тұрғындарымен жүздесіп, жаңғырту жұмыстары туралы бүге-шүгесіне дейін толық түсіндірді. Көпшіліктің келісімінен соң бірнеше үйде жөндеу жұмыстары басталып кеткен еді. Солардың бірі Таран көшесінде орналасқан 165 үй. Аталған мекенжайға барғанымызда мердігер компанияның қызу жұмысқа кірісіп кеткеніне куә болдық. Жұмысшылар баспананың сыртын қаптап жатыр екен. Олар қыс түспей жоспарланған жұмысты аяқтауға асығуда. Ескірген баспанасының жаңаратынына мұндағы тұрғындар да риза.
– Біздің үй жарты ғасырдан астам уақыттан бері жөндеу көрмеген. Биыл мемлекеттік бағдарламаның арқасында көптің тілегі орындалды. Баспанамыз жаңадан салынғандай құлпыра түсуде. Өзім осы үйде отыз жылдан бері тұрамын. Балаларымды өсіріп, немерелерімді де осы үйде бағудамын. Ежелден бауыр басып қалған баспанамнан көшкім келмейді. Оның үстіне үйіміз орталыққа жақын орналасқан. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң жаңа үйде тұрамыз деп мақтанатын боламыз, – деді пәтер иесі Жамал Өтелбаева.
Алыстан бір қараған жан бұл баспананы жаңадан салынып жатыр деп ойлауы ғажап емес. Себебі үш қабатты тұрғын үйдің сырты қапталып жатыр. Подъездердің іші ретке келтірілсе, ескі үй түрленіп шыға келмек.
– Бұл үйге көшіп келгеніме он жыл болыпты. Үйдің ескі екені рас. Подъездің іші мен жертөлесі әбден тозығы жеткен. Жергілікті биліктің бастамасымен баспанамыз мемлекеттік бағдарламаға ұсынылды. Біз қуана-қуана келісім бердік. Жөндеу жұмыстары бізге кедергі келтіріп жатқан жоқ. Ең бастысы үйіміз жаңарады, – деді пәтер иесі Зоя Жұмабаева.
Биыл Қостанайдағы он бір үйге дәл осындай жаңғырту жұмыстары жасалатын болады. Ал 2015-2017 жылдар аралығында "Тұрғын үй коммуналдық ша- руашылығын жаңғырту" бағдарламасы бойынша қаладағы 48 үйде қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Соның алтауының жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр. Қазіргі уақытта аталған үйдің тұрғындарына "ТКШ-ны жаңғырту" мемлекеттік бағдарламасы туралы түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстары жүруде.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суреттерде: жаңарған баспананың сыртқы көрінісі; жұмысшылар талмай еңбек етуде; пәтер иесі Жамал Өтелбаева; пәтер иесі Зоя Жұмабаева.
Суреттерді түсірген
Айбек ЖҮЗБАЙ.